15:53, 07 Наурыз 2009 | GMT +5
Ақмола облысында Ұлттық халық санағының алғашқы қорытындылары шығарылды
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысында Ұлттық халық санағының алғашқы кезеңі аяқталып, санақшылар тізімдерді іріктеу, тексеру жұмыстарына кірісіп кетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Санақ жөніндегі облыстық штабтан алынған мәліметтерге сәйкес қазіргі кезде 741 мың 681 тұрғын санақшылар сауалдарына жауап берген, бұл маңызды саяси іс-шарадан бұрынғы есепке алынғандардан 13 мың адамға көп. Тіркеуге алынбағандарды анықтау шаралары жалғасын табуда. Штаб деректеріне сәйкес өңірде уақытша тұрақтап жатқан 5 мың 149 адам анықталды. Олардың 1 мың 450-і - Көкшетау қаласын, 884-і - Щучье ауданын, 600-і - Степногор қаласын, 475-і Зеренді ауданын таңдап алған көрінеді. Бүгінге дейін аймақта тұрып жатқандардың 343 мың 201-і - жергілікті ұлт өкілдері. Қандастарымыз аз қоныстанған өңірлер - Егіндікөл, Сандықтау, Жарқайың, Есіл, Қорғалжын аудандары. Олардағы жергілікті ұлт өкілдері он мыңның төңірегінде екен. Санақшылар сауалдарымен қамтылғандардың 385 мың 384-і - әйелдер. Қазіргі кезде жауапты іске орай жасақталған 75 бөлімшедегі 2 мың 476 санақшы іріктеу, тексеру жұмыстарымен айналысуда.