Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақмола облысында жазасын өтеушілер Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына өз үлестерін қосты (ФОТО)

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер қолдарымен жасаған қолданбалы өнер туындылары мен суреттерінің көрмесі өтті.

Ақмола облысында жазасын өтеушілер Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына өз үлестерін қосты (ФОТО)

Көрме Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған. Көрмеге әртүрлі тақырыпта салынған 31 сурет пен 54 қолданбалы өнер туындылары қойылды.

Сотталған жандардың ішкі жан-дүниесін ашып көрсету мақсатында Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ұйымдастырған шараға арнайы мамандар шақырылып, көрмедегі суреттер мен қолданбалы туындыларға өз бағаларын берді.

Байқау қорытындысы бойынша қолданбалы өнер туындыларын сараптаған сәтте ЕЦ-166/18 түзеу мекемесінде жазасын өтеуші Е.Сердюктің «Үйге оралу», «Наурыз мейрамы» туындылары үздік деп танылды. Екінші орынды осы түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер В.Хайрутдиновтың «Мешіт» туындысы иеленсе, үшінші орын Б.Сүлейменовтің «Алтын адам» атты туындысына берілді.

Ал, көркем суреттер бойынша бірінші орын ЕЦ-166/25 түзеу мекемесінде айыбын өтеуші А.Құсайыновтың «Көңіл күйі», екінші орын А.Макаровтың «Туған жер жазығы», үшінші орын ЕЦ-166/4 түзеу мекемесінде айыбын өтеуші С.Насировтың «Үйге қайту жолы» атты суреттеріне берілді.

Көрмеге қойылған әр бұйымнан шеберлердің өмірге деген құштарлығы, бостандықты аңсауы байқалып тұрады. Сол арқылы көрерменге ой салады. Көрменің маңызы да сонда.