Ақмола облысында жел электр стансасы іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысында жел электр стансасын іске қосуға рұқсат берді.

Ақмола облысында  жел электр стансасы іске қосылды

Ақмола облысының Ерейментау қаласында тұңғыш жел электр станциясы салынды. Бұл - Арқаның тынымсыз соққан желін пайдаланып, қыруар қуат көзін өндіретін теңдессіз жоба. Өндірістік жел электр станциясы өңірдің энергия тапшылығын төмендетеді. Қоршаған ортаға зиянсыз. Сондай-ақ, отын-энергетика қорының жалпы шығынын азайтады. Алдағы уақытта «ЭКСПО-2017» нысандарын жаңартылған энергия көздерімен қамтамасыз етуге қатысады. Бұл - Қазақстандағы өндірістік ауқымдағы алғашқы жел электр станциясы.

«Құрметті Елбасы! Өткен жылы Сіз Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бірінші өнеркәсіптік жел паркін құруға рұқсат бердіңіз, бүгін сол жобаның табысты іске асырылуын және іске қосуға дайындығын баяндаймыз. 45 МВт таза электр қуаты жылына 100 мың тоннаға жуық көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді. Компанияның жоспарында қуаттылығы 300 МВт-қа дейін жететін бірнеше кезеңнен тұратын жобалар бар», - деді «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Қаныш Молдабаев.

Мемлекет басшысы бүгінде барша әлем атмосфераның ластануына қарсы күрес жүргізіп жатқандығын айта келе: «Біздегі «ЭКСПО-2017» көрмесі жаңа энергетиканың негізі болмақ. Бұл 45 МВт-ты ірі жоба. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз»,-деді.