Ақмола облысында жемқорлықпен күрес стратегиясы талқыланды
Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, тұрғындар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланған шараға аймақ басшысы Мәлік Мырзалин, қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма, ведомство басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырыста күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Олжас Бектенов баяндама жасап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде өкілетті органдармен бірлесе қолға алынып жатқан шараларға тоқталып өтті.
Жыл басынан бері тұрғындар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 900-ден, ғаламторда 350-ден астам материал жарияланды. Бүгінде мемлекеттік мекемелер 189 мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдар 3 миллионнан астам мемлекеттік қызмет түрлерін көрсеткен.
Жиында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыс аумағында 143 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркеліп, оның жартысы сотқа жіберілген. 49 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне қатысты сегіз заңбұзушылық тіркелсе, үстіміздегі жылы бір заңбұзушылық анықталған. 10 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапқа шақырылып, 5 адам қызметінен босатылды.
Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов департамент бастамасымен қоғамдық рейд пен аудит комиссиясы құрылып, аталған комиссия қызметін асыра пайдалану, қызметтік көлікті мақсатсыз қолдану секілді заңбұзушылықтардың жолын кесумен айналысып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, жемқорлық қауіпі зор мекемелердің мониторингі жасалады. Бұл жолы облыстық көліктік бақылау инспекциясында бірнеше сыбайлас жемқорлық қауіпі анықталғаны, мемлекеттік қызметшілердің алмасу көрсеткіші жоғары болып отырғаны айтылды. Бұл проблема әсіресе Аршалы, Еңбекшілдер, Шортанды аудандарында көбірек тіркелген.
Мәселеге қаныққан агенттік төрағасының орынбасары кадр мәселесінің дұрыс жолға қойылуы мемлекеттік қызметтің беделіне тікелей әсер ететінін тілге тиек етіп, департамент басшысы Берген Беспалиновке аталған мәселелерді жіті назарда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар, шарада мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселесі де күн тәртібінде жан-жақты сөз болды.