Ақмола облысында жылдық қуаты 50 миллион дана кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды (ФОТО)
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Ерейментау ауданында жылдық қуаты 50 миллион дана кірпіш шығаратын жаңа зауыт іске қосылды.
Бүгін облыс әкімі Сергей Кулагин аталған өңірге жұмыс сапары барысында зауыттың ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Зауыттың құны 2,1 миллиард теңгені құрайды. Қытайлық қондырғымен жабдықталған Ерейментау кірпіш зауытында жылына 50 миллион, тәулігіне 136,9 мың дана керамикалық кірпіш шығару көзделген.
Кәсіпорынның атқарушы директоры Олег Шикаренконың сөзіне қарағанда, кәсіпорынның ашылуы 220 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
«Биылғы жылдың соңына дейін құны 285 миллион теңгенің 3,7 миллион дана кірпішін шығару жоспарланған. 2016 жылы - 24 миллион, 2017 жылы - 35 миллион данаға жеткізу жоспарда бар. Өнім негізінен Қазақстан және Ресей нарығына шығарылады», дейді Олег Шикаренко.