18:11, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ақмола облысының әкімі өткен жыл қорытындысын тілге тиек етті
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысының әкімі Альберт Рау республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, өткен жыл қорытындысын сараптап, ағымдағы жыл міндеттерін тілге тиек етті, баспасөз өкілдерінің сауалдарына жауап берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тішісі. Баспасөз мәслихатына облыстық және аудандық,тәуелсіз басылымдар редакторлары, республикалық БАҚ-тардың меншікті тілшілері, бірқатар ведомстволар басшылары қатысты. Облыс әкімінің мәлімдеуінше, өткен жылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында алға басқандық байқалып отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 0,6 пайызға, негізгі капиталға инвестициялау көлемі 23 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 20 пайызға, шағын және орта бизнес кәсіпорындары өндірген өнім 13 пайызға өскен. Жергілікті бюджетке түскен салықтар және төлемдер 3 пайызға артып, 22 миллиард теңгеге жеткен. Өңір басшысы әр саланың табысын сараптап, әлі де шешімін күткен түйткілдерді тарқатып өтті. Өз кезегінде баспасөз өкілдері тұрғын үй бағдарламасының орындалуы, үлескерлер жайы, медицинаның сапалық деңгейін көтеру, шағын кәсіпкерлікті қолдау барысы, облыс орталығындағы қысқы спорт кешенінің іске қосылуы, сыбайлас жемқорлықпен күрес, мал шаруашылығы мен өңдеу кәсіпорындарын өркендету, тұтыну кооперативін жандандыру турасындағы сауалдарына толыққанды жауап алды. Жылдың табысты болғанын баяндаған өңір басшысы алдағы уақытқа сеніммен қарайтынын, әлемдік қаржы дағдарысына қарсы тұруға бағытталған игі жұмыстарды атап көрсетті.