Ақмола облысының әкімі С.Кулагин дарынды балалармен жүздесті

Кездесуге келген 154 баланың 72-сі республикалық және халықаралық интеллектуалдық олимпиаданың қатысушысы болса, оның 12-сі - халықаралық жарыстарда алтын медаль иеленген. Олардың барлығы облыс әкімі Сергей Кулагиннің атынан планшетке ие болды. Ал қалған балаларға кітаптар сыйға берілді.
«Бұл балалардың жүлделі орындардан көрінуіне дайындаған ұстаздары мен ата-аналарына алғыс айтқым келеді. Өмірде ұстаздардың атына жылы сөздер мен алғыстар әрқашанда айтыла берсе екен деймін. Ал сабырлық пен түсіністік танытқан ата-аналарды балаларының жетістіктері қуанышқа бөлесін», - деді аймақ басшысы.
2014-2015 оқу жылының қорытындысы бойынша 47 оқушы республикалық олимпиадалар мен байқауларда жеңімпаз атанса, 25-і халықаралық ғылыми сайыстарда топ жарды. Сонымен қатар биылғы жылы мектеп бітіретін оқушылардың ішінде халықаралық жарыстарда үздік деп танылған 46 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылды. Олар ҚР жоғары оқу орындарында грантқа оқуға мүмкіндік алды.
Еске сала кетсек, биыл 2015 жылы облыс бойынша білім саласын дамыту үшін бюджеттен 58,5 миллиард қаржы бөлінді. Сондай-ақ 1,4 миллиард теңгеге 11 білім ордасы жаңадан салынып жатса, 40 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.