Ақмола облысының әкімі Ұлы Отан соғысы ардагерінің омырауына Украина Республикасының орденін қадады

КӨКШЕТАУ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко Көкшетау қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Қанапия Садуәқасовтың омырауына Украина Республикасының Үшінші дәрежелі «Ерлігі үшін» орденін қадады.
None
None

Қарт майдангер бұл құрметке Украина жерін неміс басқыншылығынан азат етуге қатысып, ерлік пен ержүректік үлгісін танытқаны үшін ие болып отыр. 18-ге жаңада толған өрімдей жігіт 1942 жылы қан майданға аттанған. Пулеметші-автоматшы жауынгер Украина, Беларус, Чехословакия, Германия елдерін азат етуге қатысқан. Омырауындағы «Германияны азат еткені үшін» медалі мен Екінші дәрежелі "Ұлы Отан соғысы" ордені, мерекелік медальдар -сол жылдардың белгісі.

Жеңісті Чехословакия астанасы Прагада қарсы алған ол үшін сұрапыл соғыс 1947 жылы аяқталып, елге аман-сау оралған соң Көкшетау қаласында өнеркәсіп саласында, құрылыс кәсіпорындарында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде еңбек етіп, қазірде сол еңбегінің жемісін көруде. Бүгінде оның бар қуанышы мен мақтанышы жеті баласынан өрбіп отырған 17 немересі мен 5 шөбересі. Өңір басшысы қарт жауынгердің үй-ішіне табыс тілеп, сый-сияпатын тапсырды.

Соңғы жаңалықтар