09:03, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ақмола облысының экономикасына 2008 жылы 138 миллиард теңге инвестиция тартылды
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облысының экономикасына 2008 жылы 138 миллиард теге инвестиция тартылды,

бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 23,7 пайызға жоғары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық статистика басқармасының деректеріне сілтеме жасап. Жыл ішіндегі игерілген қаржының 60 пайызы Көкшетау қаласының, 5,7 пайызы Целиноград ауданының үлесіне тиесілі. Осы уақытта қарастырылған қаржы Ерейментау ауданында 3,6 есеге артып, ол қиыршық тас зауытына озық технологиялық жабдықтар сатып алуға жұмсалса, Астрахан ауданында 2,8 есеге көбейіп, республикалық қаржы есебінен 140 орындық балабақша құрылысы жүргізілді, су құбырларын жаңарту шаралары шешімін тапты. Ал Целиноград ауданында инвесторлар есебінен цемент зауыты, сүт өңдейтін мал шаруашылығы кешеніне жұмсалған. Бұл ретте инвестицияның 49,4 пайызы жекеменшік, 48,8 пайызы мемлекеттік,ал кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер үлесі 1,8 пайызды құрады. Жалпы қарастырылған қаржының 73,3 пайызы тұрғын үй мен өндіріс нысандары құрылысына, 24,7 пайызы озық технологиялық жабдықтар мен техникаларға, 1,18 пайызы күрделі жөндеу шараларына жаратылды.