18:42, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақмола облысының экономикасына өткен айда 3 миллиард теңге инвестиция тартылды
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысында ағымдағы жылдың қаңтар айында өңір экономикасына үш миллиард теңге мөлшерінде инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,8 пайызға жоғары,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық статистика басқармасының деректеріне сілтеме жасап. Осы уақыт аралығында қаржы тарту ісі өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда Зеренді, Астрахан, Целиноград аудандарында едәуір артқандығы байқалады. Бұл ретте қарастырылған қаржының 24,8 пайызы кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің, 3 пайызы -жергілікті, 0,5 пайызы республикалық бюджеттен, қалған 71,7 пайызы басқа қаржы көздерінен тартылып отыр. Осы соманың 92,4 пайызы құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстарына, 7,1 пайызы жаңа техника мен технологиялық жабдықтар сатып алуға, 0,5 пайызы күрделі жөндеу жұмыстарына жаратылды. Инвестицияның басым бөлігі, яғни 72,1 пайызы өңдеу өнеркәсібін дамытуға, 7,8 пайызы ауыл шаруашылығына және аңшылық пен орман шаруашылығына бағытталды.