18:21, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ақмола облысының қоғамдық тәртіпті сақтау жүйесіне ағымдағы жылы 2,6 миллиард теңге бөлінді
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысы бойынша өңірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатына ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр, бұл өткен жылғы деңгейден 13 пайызға артық,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық мәслихаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жыл ішінде құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық жарақтануын жақсарту мақсатында 171 миллион теңге бөлініп, кезең-кезеңмен 50 жаңа жеңіл көлікпен қамтамасыз етіліп, 188 жаңа компьютермен толықтырылады. Сыртқы бақылауды жүзеге асыруды жетілдіру жолында қосымша 8 камера, 4 электроесептегіш жабдық сатып алынады. Бірқатар ғимараттарда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылып, осы мақсатқа 44 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.