Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақмола облысының шетелге 2 млн тонна астық экспорттауға мүмкіндігі бар

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының шетелге 2 миллион тонна көлемінде астық экспорттауға мүмкіндігі бар. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысының шетелге 2 млн тонна астық экспорттауға мүмкіндігі бар

«Елбасының биылғы халыққа арнаған Ұлт жоспары-100 нақты қадамында алға қойылған 5 институционалды реформаның бірінде ауыл шаруашылығын дамыту жайы ерекше аталып өтті. Ел экономикасында елеулі орын алатын ауыл шаруашылығы саласын өркендету мемлекеттік маңызы бар мәселе ретінде қаралуы орынды. Сондай-ақ, мұның өзі ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген біздерге үлкен жауапкершілік жүктейді», деп сөзін бастаған басқарма басшысы аграрлық аймақ саналатын облыста ауыл шаруашылығы саласы жыл өткен сайын қарқынды дамып келе жатқандығына тоқталды.

«Биылғы жылы облыс бойынша 4,3 мың гектар егістік алқапқа дәнді және дәнді бұршақ дақылдары себіліп, 5,7 миллион тонна астық жиналды. Мұндағы гектар түсімі орташа 13,2 центнерден айналды. Осының арқасында жалпы өнім көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 1 миллион тоннаға көбейіп отыр», - деді Мұрат Сағатұлы.

 Ағымдағы жылы облыстағы егістік алқаптарда фитосанитарлық жағдай өте күрделі болды. Әсіресе, арамшөптермен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары ауруымен және зиянкестермен күрес үнемі бақыланды. Айталық, облыста жоспарланған егістік алқаптың 4,3 миллион гектары химиялық өңдеуден өтті. Оның ішінде септориозға қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына зор көңіл бөлінді.

Сонымен қатар,  күзгі ораққа техникаларды дайындау жұмыстары да ойдағыдай жүргізіліп, науқанға барлығы 8,7 мың астық комбайны жұмылдырылды. Оның 2658 данасы алымдылығы жоғары шетелдік техникалар. 

«Мұндағы 1 комбайнға жүктеме 498 гектардан келді. Оған қоса, облыс аумағында механикаландырылған қырман, авто-жүк таразылары және астық кептіру орындары дайындығының арқасында мол астықты қысқа мерзім ішінде ысырапсыз жинап, қамбаға құйып алдық», - деді басқарма басшысы.

Шаруашылықтардың озық технологияны пайдалануға ынтасының арта түсуі, алымдылығы жоғары шетелдік техникаларды қолдану - осылардың бәрі егін шығымдылығын арттырып, оны жинауды неғұрлым қысқа мерзімде шығынсыз өткізуге игі ықпалын тигізгені анық. Осының арқасында облыстық экспорттық әлеуетті артып отыр. Қазіргі кезде, өңірдің алыс-жақын шет елдерге 2 миллион тонна көлемінде астық экспорттауға мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, басқарма басшысы мал шаруашылығының дамуына да тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, облыс мал тұқымын асылдандыру бағытында қолға алынған «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді қатысуда.  Облыста 2010 жылдан бастап есептегенде асыл тұқымды ірі қара саны 64,3 мың басқа жеткен. Онымен Еңбекшілдер ауданындағы «Kazbeef LTD» ЖШС,  Қорғалжын ауданындағы «Агро Эксперт ЛТД» ЖШС, Атбасар ауданындағы «Бастау» ЖШС, Есіл ауданындағы «Заречное» ЖШС-гі тәрізді 19 шаруашылық айналысады. Оған қоса, қазіргі кезде Ерейментау ауданында 3 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде.

«Өңірде ет және сүт өнімдерін өңдеу бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осының арқасында биылғы жылы барлығы 700 тонна ет өнімдерін экспорттауды жоспарлап отырсақ, осы күні оның 390 тоннасы көрші Ресейге сатылды. Астана қаласы айналасындағы азық-түлік белдеуі аясында Ақмола облысы елорданы ет және ет өнімдерімен 50 қамтамасыз етіп отыр»,- деп сөзін қорытындылады М.Балпан.

Брифинг барысында  журналистер басқарма басшысына ауыл шаруашылығы саласының өзге тұстарына қатысты сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.