Ақмола облысының соттарында өткен жылы 56 885 қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер қаралды

КӨКШЕТАУ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - 2010 жылы Ақмола облысының аудандық және оған теңестірілген соттарында 56 885 қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер мен материалдар қаралған,
None
None

бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп. Осы мәліметтерді облыстық сот төрағасы Ақжан Ештай республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында келтірді.

Жыл ішінде аудандық және оған теңестірілген соттарда 24 858 азаматтық және 4 244 қылмыстық істер қаралып, істерді қарау мерзімі бұзылмаған. Баспасөз өкілдерімен кездесу барысында сот шешімдерінің бұзылу және өзгертілу себептеріне талдау жасалып, облыс соттары ең көп қателіктер жіберген іс санаттары қарастырылды. Жалпы өткен жылы азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы 0,7 пайызға жақсарыпты. Қылмыстық істерде ҚР ҚК-сінің 67-бабына сай жәбірленушілермен татуласуларына байланысты істері қысқартылған тұлғалардың саны 691-ге көбейген. Алқа билердің қатысуымен облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үкім шығарумен 25 адамға қатысты 19 қылмыстық іс қаралды. Осы уақытта облыс соттарында 27 822 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралған, бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 5 пайызға көп. Соның барысында 30 қаулы бұзылып, 30-ы өзгертілді. Жалпы облыс бойынша әкімшілік істерді қарау сапасы 0,2 пайызға жақсарды.

Өткен жылы облыстық соттың аппеляциялық сот алқасына 1 355 азаматтық іс түсіп, 55 сот шешімдері бұзылып, 105-і өзгертілді. Ал кассациялық сот алқасына азаматтық істерге сәйкес 497 кассациялық шағым және наразылық түсіп, соның 384-і қаралды. Кассациялық тәртіпте толық және ішінара 28 сот актілері бұзылған, 9-ы өзгертілді.

Баспасөз мәслихатында журналистер облыс көлемінде сот ісін реформалауға байланысты іс-шаралар, жуырда өткізілген оңтайландыру нәтижесі, сот ісін қарауда бейне және дыбыс жазу жабдықтарын қолдану, судьялар этикасы, азаматтардың арыз-шағымдарымен жұмыс жасаудың нәтижелері жайында туындаған сауалдарына нақтылы жауаптар алды.

Соңғы жаңалықтар