Ақмола полицейлері бір тәуліктің ішінде 14 ұрлықтың бетін ашты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола полицейлері бір тәуліктің ішінде 14 ұрлықтың бетін ашты. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі мәлім етті.
Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, Көкшетау қаласы тұрғынының үйінен 8 мың ресей рублі қолды болған. Арыз берушінің сөзіне қарағанда ұры пәтерге есікті емін-еркін ашып кірген көрінеді.
Жедел-іздестіру шарасы барысында 1985 жылғы әйел қолға түсті.
Қазіргі кезде, күдікті қылмысын мойындап, заттай дәйектер алынды.
Полицейлерге күдіктіні құрықтауға оның бұрындары жезөкшелікпен айналысқаныны үшін ішкі істер органдарының есебінде тұрғаны себеп болды.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың тамыз айында жасалған қылмыстың да беті ашылды. Бұл жолы Зеренді аудандық ІІБ қызметкерлері Жаңа ауыл тұрғынының қорасынан мал ұрлағандарды ұстады. Күдіктілер Краснояр селосының тұрғындары ағайынды екі жігіт болып шықты. Осылайша, олар зардап шегушіге 470 мың теңге шығын келтірген. Жалпы, бұл күні бір тәуліктің ішінде осындай 14 қылмыстың беті ашылды.