Ақмола және Қарағанды облыстары аумағындағы жолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды
АСТАНА.17 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола және Қарағанды облыстары аумағындағы жолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды. Бұл жайында «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда қалың қардың түсуіне және жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты сағат 11:15-тен бастап Ақмола облысында Көкшетау аумағы мен Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары бағыттарындағы қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Сонымен қатар боранға байланысты Қарағанды облысы аумағында сағат 10:45-тен бастап "Қызылорда-Павлодар" республикалық маңызы бар автожолының "Жезқазған-Қарағанды " учаскесінің 433-946 шақырымында және сағат 9:30-дан бастап «Екатеринбург-Алматы» автожолының «Қарағанды-Балқаш» аралығындағы 1492-1854 шақырымында автокөліктің барлық түрі үшін жолға шығуға тыйым салынды.
Қазіргі кезде «Қазақавтожол» РМК-ның арнайы техникалары қар тазалау жұмыстарына кезекшілікке кірісті. Боран басылғаннан кейін автожолдар толығымен тазаланып, автокөліктердің кедергісіз жол қозғалысы қамтамасыз етіледі.