Ақмолада 1,8 млрд теңге тұратын орман қоры мемлекетке қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында құны 1 млрд 800 млн теңге тұратын орман қорының жер учаскелері мемлекет меншігіне берілді.
Бұланды ауданы прокуратурасы туристік кластердің дамуына кедергі келтіретін проблемалық мәселелерді шешу мақсатында орман заңнамасы талаптарының сақталуын тұрақты түрде талдап келеді.
Тексеру нәтижесінде орман пайдаланушылар мемлекеттік орман қорының жер учаскелерін мақсатты түрде — сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттар үшін пайдаланбайтыны анықталды.
— Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жалпы кадастрлық құны 1 млрд 800 млн теңге тұратын мемлекеттік орман қорының жерлері мемлекетке қайтарылды. Бұл учаскелер кейіннен туристік бизнесті ұйымдастыру үшін әлеуетті инвесторларға беру мақсатында қарастырылмақ. Осы бағыттағы жұмыс жалғасады, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Ақмола облысында прокурорлардың ықпалымен 788 гектар жер мемлекетке қайтарылғаны белгілі болды.