Ақмолада балабақша бухгалтерінен 800 мың теңге пара алған тексеру комиссиясының лауазымды қызметкері ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында балабақша бухгалтерінен 800 мың теңге пара алған тексеру комиссиясының лауазымды қызметкері ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметінен.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақмола облыстық департаменті облыстық тексеру комиссиясының лауазымды қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бас бақылаушы - тексеруші А.Марклен және басқа да адамдар балабақшаның бас бухгалтерінен 2013 жылдың 2-ші жартыжылдығы мен 2015 жылдың 1-ші жартыжылдығы аралығындағы кешенді тексеру актілеріне анықталған бұзушылықтарды көрсетпеу үшін 800 мың теңге сомасында пара бопсалап алғандығы белгілі болды», - делінген хабарламада.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, А.Марклен ҚР ҚІЖК 128 бабына сәйкес ұсталып, Көкшетау қалалық ІІД оқшаулағышына қамалды. Сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде.