Ақмолада Мемлекеттік Ту биікте желбіреді
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Республика күні аясында Көкшетау қаласындағы «Тутұғыр» монументі алаңында ерекше патриоттық іс-шара өтті. Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, еліміздің Әнұраны шырқалды.
Мереке қатысушылары үшін бұл күн ел бірлігін, тәуелсіздікті және қазақстандық патриотизмді айшықтайтын маңызды сәт болды.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өз құттықтау сөзінде Республика күні – барша қазақстандықтың бірлігінің, елдің тәуелсіздігі мен азаматтық жауапкершілігінің символы екенін атап өтті.
– Еліміз баянды, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, көк байрағымыз көкте мәңгі желбірей берсін! Республика күні құтты болсын, - деді облыс әкімі.
Рәсім барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға Алғыс хат табысталып, еңбек жолын жаңа бастаған жастарға естелік сыйлықтар берілді.

Салтанатты жиында сондай-ақ Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нуғыман мен «Ассамблея жастары» РҚБ Ақмола облыстық өкілдігінің төраға орынбасары, өзбек этномәдени орталығының өкілі Махмуджан Давранов сөз сөйлеп, ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімнің маңызын атап өтті.
Өңірдің белсенді қоғам қайраткері, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, Көкшетау қалалық емханасының бас дәрігері Ғалия Сабатаева да ақмолалықтарды мерекемен құттықтап, өз әсерін бөлісті.
– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз ел болғанымызға 35 жыл толып отыр. Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлына, қала әкімі Ануар Қайыргелдіұлына зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл істерге ерекше қуаныштымын және тұрғындарымыз да осы еңбекті көріп, бағалап отыр деп ойлаймын! – деді ол.
Іс-шара соңында қатысушылар «Қазақстаным» әнін бірге орындап, мерекелік көңіл күймен тарқасты.

Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өңір тұрғындарының елге деген сүйіспеншілігін арттырған, әр буынды тәуелсіз Қазақстанның ортақ құндылықтары төңірегінде біріктірген маңызды оқиға болды.
Айта кетейік, бүгін еліміз ұлттық мереке – Республика күнін атап өтеді. Осыған орай республаканың экономикалық һәм саяси егемендікке қалай қол жеткізгені жайында Kazinform агенттігі шолушысының материалынан таныс болыңыздар.