Ақмолада жол апаты кезінде жоғары кернеулі электр желісі зақымданды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы кезінде жоғары кернеулі электр желісі зақымданып, жеңіл автокөліктер үшін айналма жол ұйымдастырылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Высоковольтную линию электропередач повредили при ДТП в Акмолинской области
Фото: Видеодан скрин

Астрахан ауданы әкімдігінің мәліметінше, Староколутон ауылдық округіне қарасты Қоскөл ауылы маңындағы республикалық трассада алдын ала дерек бойынша 500 кВ жоғары кернеулі электр беру желісі тірегінің құлауы салдарынан ол жол бөлігіне түскен.

— Адам өмірі мен қауіпсіздігіне төнген қауіпке байланысты аталған учаскеде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Қазіргі жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Оқиға орнында барлық тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр, — деп хабарлады ведомство.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, жол-көлік оқиғасы 20 мамырда «Астана — Атбасар — Жақсы — Рузаевка — Сарыкөл — Қостанай — РФ шекарасы» автожолында болған. Апат салдарынан жоғары кернеулі электр желісі зақымданып, көлік қозғалысы уақытша қиындаған.

— Оқиға орнында полиция қызметкерлері жол қозғалысын реттеп, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Жеңіл автокөліктер үшін жақын елді мекен арқылы айналма жол ұйымдастырылды, — деп толықтырды полиция.

Оқиғаның салдарын жою және электр желісін қалпына келтіру жұмыстарын энергетикалық ұйымдар мен жол қызметтері жүргізіп жатыр. Сонымен қатар көлік жүргізушісі заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылғаны айтылды.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында республикалық маңызы бар «Астана – Алматы» автожолының 917-946 шақырым аралығындағы бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған еді.