Ақмолалық әйел АИТВ диагнозына қарамастан дені сау бесінші баласын дүниеге әкелді

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Дәрігерлер мен мамандардың қолдауы, сондай-ақ уақытылы ем қабылдау АИТВ диагнозы бар адамдарға толыққанды отбасы құрып, дені сау бала сүюге мүмкіндік береді. Мұндай оқиғаның мысалын Ақмола облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының баспасөз хатшысы Нұрлыбек Қонысбаев айтып берді.

ь
Фото: freepik

Оның айтуынша, бүгінде Ақмола облысында 1 117 адам динамикалық бақылауда тұр. 2025 жылдың сегіз айында 83 жаңа жағдай анықталған. Көрсеткіш былтырғы деңгейде сақталып отыр. Инфекцияның негізгі жұғу жолы әлі де жыныстық қатынас болып қала беруде.

— АИТВ -ға қатысты ең кең тараған қате түсінік – отбасын құру немесе дені сау бала туу мүмкін емес деген сенім. Алайда дәрігерлер АИТВ -ны қазіргі таңда емделіп, бақыланатын созылмалы аурулар қатарына жатқызады. Ал дені сау бала туу – шынайы мүмкіндік. Бұл үшін барлық жағдай жасалған: білікті мамандар жұмыс істейді, антиретровирустық терапия тегін беріледі. Әр ауданда АИТВ мәселелерімен айналысатын жауапты дәрігер бар, ал медицина қызметкерлері көмек сапасын арттыруға және стигманы азайтуға арналған семинарлардан өтеді, – деді Нұрлыбек Қонысбаев.

Айрықша мысал ретінде АИТВ -статусы бар ақмолалық әйелдің оқиғасы келтірілді. Ол жақында бесінші дені сау нәрестесін өмірге әкелді.

— Пациентке диагноз 15 жылдан астам уақыт бұрын, алғашқы жүктілік кезінде қойылған. Содан кейін оған антиретровирустық терапия тағайындалып, бұл өзінің әрі болашақ баласының денсаулығына қауіптің алдын алды, – деді Қонысбаев.

Әйелдің өзі алғаш диагнозды естігенде қатты күйзеліске түскенін жасырмады.

— Әдеттегі қиындықтар түкке тұрғысыз көрінді. «Неге мен? Неге дәл мен?» деген ой мазалады. Бірақ жүктіліктен бас тартқым келмеді, бірден ем қабылдауға кірістім. Уақыт өте келе өзімді қабылдап, өмірмен үйлесім таптым. Қазір жұбайыммен бірге бес дені сау баланы тәрбиелеп отырмыз. Маған ана атануға көмектескен дәрігерлерге алғысым шексіз, – деді ол.

Ақмола облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының психологы Маргарита Рыбинаның айтуынша, АИТВ -мен өмір сүретін адамдардың көбі вирустың өзінен емес, қоғам тарапынан болатын теріс пікірден қорқады. Бұған ақпараттың аздығы мен стереотиптердің әсері бар.

— Пациентіміздің тарихы көрсеткендей, уақытылы ем және мамандардың қолдауы АИТВ -мен өмір сүретін адамдарға отбасы құрып, дені сау балаларды дүниеге әкеліп, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді, – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін АЖасөспірімдер арасында АИТВ жұқтыру 2 есе көбейгенін жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар