Ақмолалық диқандар көктемгі егіске қызу кірісті

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмолалық диқандар көктемгі егіс жұмыстарына қызу кірісті. Бүгінгі күні 510 мың гектарға егін себілді.

егістік
Фото: Pixabay

Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленовтың мәліметінше, биыл облыс бойынша егісті 5,3 миллион гектардан астам алқапта жүргізу жоспарланған. 

Оның 4,6 миллион гектарына дәнді дақылдар, 400 мың гектарын майлы дақылдар себіледі.

Азықтық дақылдардың аумағы 340 мың гектарды құрайды.

Сонымен бірге, 4,4 миллион гектарда ылғал жабылды. Бұл — өткен жылғы деңгейден біршама көп.

«Науқанға 15 мың трактор мен 16 мың дана егіс сеялкалары және 1,5 жоғары өнімді егіс кешендері қатыстырылуда. Жұмыс жоспарына сәйкес, облыста көктемгі егіс жұмыстарын 20 күннің ішінде аяқтау көзделіп отыр» деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары.

Айтуынша, қазіргі кезде диқандар көктемгі егіс жұмыстарына қызу кірісті.

Бүгінгі күні 510 мың гектарға егін себілді. Бұл — жоспарланған барлық егістік алқаптың әзірге 10 пайызы.

Еске салайық, өткен жылдың күзінде ақмолалық диқандар 3 миллион тонадан астам астық жинады. 

Соңғы жаңалықтар