Ақмолалық полицейлер жолда қалған шетелдіктерге дер кезінде көмек көрсетті

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысында полицейлер жолда қалып қалған жүргізушілерге көмек көрсетті, — деп хабарлайды Рolisia.kz.

Ақмола облысының полицейлері, жол, автобус
Фото: Рolisia.kz

Астана–Щучинск автожолында ауа температурасы -26 градусқа дейін төмендеген. Қатты аяз кезінде полиция қызметкерлері жолда қиын жағдайға тап болған бірнеше жүргізушіге көмек көрсетті.

Төмен температураның салдарынан жүк көліктерінің бірінде дизель жанармайы қатып, ауа беру жүйесі істен шыққан. Олардың Қырғыз Республикасының азаматтары екені белгілі болды. Полицейлер жолаушыларды Ақкөл қаласына жеткізіп, қонақ үйге орналастырды.

Жүк көлігін жылы боксқа қойып, келесі күні толықтай жөндеуден өткізді. Жүргізушінің айтуынша, олар Тюмень қаласынан Бішкекке бағыт алған. Жолаушылар оқыс жағдайда көмектескен аға инспектор Константин Мусин мен Жеңіс Әлібековке  алғыс білдірді.

Сонымен қатар автожолды тексеру барысында тағы бір жағдай анықталды. Бұл жолы Mercedes Vito автокөлігінің де дизель отыны қатып қалған.

Полиция қызметкерлері жол ұйымдарынан көмек сұрап, автокөлік Бозайғыр елді мекеніне дейін жеткізілді. Ал жүргізуші мен жолаушы жолай өтіп бара жатқан көлікке отырғызылып, сапарын әрмен қарай жалғастырды.

Жолаушылар жедел көмек көрсеткен патрульдік полиция инспекторлары Нұрсұлтан Сағындықов пен Азат Мұхатаевқа ризашылығын білдірді. Тәртіп сақшылары тек заңның сақталуын қадағалап қана қоймай, қиын сәтте де көмекке келуге әзір.

— Жол үстінде көрсеткен адамгершілік қарым-қатынастары мен қолдаулары үшін полицейлерге алғыс білдіремін, – деді жолаушылардың бірі.

Полиция өкілдері қатты аяз кезеңінде, әсіресе дизель отынымен жүретін көліктердің қатып қалу жағдайларының едәуір артатынын атап өтті.

Осыған байланысты құқық қорғау органдары дизель отынын пайдаланатын жүргізушілерге ауа райы аса суық күндері мүмкіндігінше жолға шықпауға кеңес береді. Бұл жол-көлік оқиғаларының алдын алып, өмірге төнетін қауіптің болдырмауына көмектеседі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда аязда жолда қалған автобустан 35 жолаушы құтқарылды.

Соңғы жаңалықтар