Ақмолалық тұрғынның үйінен 5 келіден астам марихуана табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының тұрғыны өз үйінде 5 келіден астам марихуана сақтаған. Енді құқық қорғау органдары есірткінің шығу тегі мен оның қандай мақсатта сақталғанын анықтауы тиіс.
Ақпаратты Ақмола облысының полиция департаменті баспасөз қызметі таратты. Ведомство мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында тыйым салынған заттарды сақтады деген күдікпен Жақсы ауылының 34 жастағы тұрғыны анықталған.
– Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде полицейлер өсімдік тектес есірткі затын – марихуананы тауып, тәркіледі. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 5,6 келіні құрады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл аса ірі мөлшерге жатады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – деп хабарлады департаменттен.
Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалып, есірткі затының шығу тегі анықталуда.
Сонымен қатар, күдіктінің мұндай көлемдегі есірткіні қандай мақсатта сақтағаны және оның айналымына қатысы болуы мүмкін өзге адамдар мен жеткізу арналары тексеріліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында заңсыз фитозертхана анықталғаны хабарланған.