Ақмолалықтар цифрлық сот орындаушысының арқасында 82 млн теңгелерін үнемдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылы ақмолалықтар цифрлық сот орындаушысының арқасында 82 млн теңгеге жуық қаражаттарын үнемдеді.

Бұл туралы Ақмола облыстық әділет басқармасының басшысы Баукен Әлмеш айтты.
— Маңызды жетістіктердің бірі — «сот орындаушысы роботын» енгізу. Мәселен, 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі әкімшілік айыппұлдар уақытылы төленбеген жағдайда уәкілетті орган мәліметтерді жеке сот орындаушысының қатысуынсыз іс жүргізуді қозғайтын робот сот орындаушысына береді. Іс қозғалғаннан кейін азаматтар ол туралы егжей-тегжейлі ақпараты бар EGov Mobile-да 1414-тен SMS хабарлама және push-хабарлама алады. Сол арқылы азаматтар айыппұл сомасының 25 пайызын қосымша төлеуден және сот орындаушысына барудан босатылады. Өйткені барлық әрекеттер онлайн режимінде жүргізіледі, — деді Баукен Әлмеш.
Оның дерегінше, цифрлық сот орындаушысы іске қосылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін жалпы 2,2 млрд теңгені құрайтын 109 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалды. Ақмолалықтар 550 млн теңге қаражатттарын үнемдеді.
— Өткен жылы Ақмола облысы бойынша 327 941 466 теңге сомасына 16 999 жеңілдетілген атқарушылық іс жүргізу қозғалды, оның ішінде 63 568 646 теңге сомасына 3 378 атқарушылық іс жүргізу аяқталды. Облыс тұрғындары жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеуді болдырмау есебінен 81 985 367 теңге үнемдеді, — деді ол.
Баукен Әлмештің атап өтуінше, 2025 жылы адамдардың өмірін цифрлық дәуірде жеңілдету және ыңғайлы ету, сондай-ақ уақыт пен ақшаны үнемдеу үшін әділет органдарының жұмысын жақсарту жоспарланған.
— Атап айтқанда, «Әйтеке» көмекшісі — қарапайым заңгерлік консультациялар мен құжаттарды жинауға көмектесуге арналған чат-бот іске қосылады. Робот-сот орындаушысының құзыреті кеңейтіледі. Ол айналысатын берешек мөлшерінің шегі 20-дан 40 АЕК-ке дейін өседі. Бұл азаматтарды жылына 12,2 млрд теңгеге дейін қаражатын үнемдейді. Аталған құралдар тәуліктің кез келген уақытында пайдалануға мүмкіндік бере отырып, қарапайымдылығымен, жеделдігімен және қолжетімділігімен ерекшеленетін болады. Қабылданған шаралар азаматтардың құқықтық сауаттылық жөніндегі санасын нығайтуға және олардың құқықтары мен міндеттерін түсінуді жақсартуға ықпал етеді. Қызметтерді оңайлату жөніндегі жұмыстардың нәтижесінде қазақстандықтар уақыт пен ақшаны үнемдейді. Осы қызметтерді алуда қолжетімділік пен ыңғайлылық артады. Сондай-ақ әкімшілік кедергілер азаяды, бұл процесті неғұрлым ашық және тиімді қылады, — деді басқарма басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, дәл осындай робот сот орындаушылар Жетісу облысында да жұмыс істейтіні белгілі болды.