Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақмолалықтар президенттік сайлауда Н.Назарбаевтың айқын басымдықпен жеңіске жеткенін атап өтті (ФОТО)

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда ҚР Президенті сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын басымдықпен жеңіске жеткенін атап өтуге 500-ден астам ақмолалық қатысты.

Ақмолалықтар президенттік сайлауда Н.Назарбаевтың айқын басымдықпен жеңіске жеткенін атап өтті (ФОТО)

Олардың арасында зиялы қауым өкілдері, ведомство басшылары, студенттер және қала жастары бар. Түнгі уақытқа қарамастан, саяси науқанның қорытындыларын асыға күткен жерлестеріміздің қарасы көп болды.

Тәуелсіздік алаңына жиналған тұрғындар үлкен экраннан тікелей эфирдегі жаңалықты тыңдап, Нұрсұлтан Назарбаевтың 97 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіске жеткенінің куәсі болды. Осы күн Отанымыздың жарқын болашағы мен кемел келешегі үшін дауыс берген әрбір қазақстандық азаматтың үмітінің ақталған күні ретінде тарихта мәңгі сақталып қалатыны сөзсіз.

Қуаныштан төбелері көкке жеткен жерлестерімізге әуелеген ән мен мың бұралған биден шашу шашылып, түрлі-түсті отшашулар жақсылықтың жаршысындай болып аспанға атылды.

Шараға қатысқан Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов, "Вайнах" шешен-ингуш облыстық қоғамының төрағасы Герихан Яндиев, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Дастан Дәмелхан сөз сөйлеп, Елбасының Президенттікке қайта сайлануы халықтың ұлына деген зор сенімінің, болашақты тек Назарбаевтың есімімен байланыстырғысы келетінінің айқын көрінісі екенін ерекше атап өтті.