Ақордада Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтуде
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Күн тәртібіне сәйкес отырыста екі мәселе қаралуда. Біріншісі, Қазақстан Республикасының 2007-2012 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру барысы және алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы мәселе. 2009 жылы Стратегияда қарастырылған шараларды мемлекеттік органдардың атқару барысы туралы ҚР Президентінің көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин баяндама жасауда. Отырыста қаралатын екінші мәселе, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына дайындық және мерекелеу жөніндегі шаралар кешені. Бұл бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев баяндама жасайтын болады.
«Әлемде бәрі өзгерді. Әлемдік экономикалық қаржылық дағдарыс жоспарларымыздың өзіне түзетулер енгізді. Кейбір нәрселерді жасай алмадық. Алайда, міндеттеріміздің көпшілігін орындай алдық. Ішкі және сыртқы қауіпсіздік, экономикалық қауіпсіздік, ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін қарастырып, келешекте не істейтіндігімізді анықтауымыз керек. Бұлар - өте маңызды мәселелер. Негізгі дүниелер биылғы Жолдауымда көрініс тапты», деді отырысты ашқан Мемлекет басшысы.
Елбасы сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін және оларға теңестірілгендерді қолдау жөнінде де Жолдауда айтылғанын атап көрсетті.