Ақордада ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті
Рейдерлікке қарсы тұру мәселесі бойынша ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми мен Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков баяндама жасады.
Отырысқа қатысушылар рейдерлікке қарсы арнайы заң жасау қажеттігі, оған қарсы тұру үшін тиісті практикалық шараларды қолға алу жөнінде пікір алмасты.
ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов экологиялық қауіпсіздіктің ағымдағы жай-күйі туралы хабарлама жасады. Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы табиғат қорғау саласындағы барлық проблемаларға жаңа экологиялық-экономикалық тұрғыдан келу қажеттігін атап өтті.
Талқылаудың қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға рейдерлікке қарсы тұру жөнінде пәрменді құқықтық тетіктер жасау және қоршаған ортаны қорғау бойынша қызметті жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Отырыста берілген тапсырмалардың орындалуына бақылау жасау Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығына жүктелді.