Ақорданың алдында болған көлік оқиғасына кінәлілерге айыппұл салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин «Ақорда» резиденциясы қақпасының алдында полиция қызметкерлері жасаған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ақорданың алдында болған көлік оқиғасына кінәлілерге айыппұл салынады

«Жол апатын жасаған қызметкерлер ішкі істер органдарынан босатылды. Әкімшілік өндіріс мәселелері ішкі істер органдарының құзыретінде, ал оларды әкімшілік жауапқа тарту туралы шешімді сот қабылдайды», - деді А.Лукин журналистерге берген сұхбатында.

Сондай-ақ, ол жол-көлік оқиғасы кезінде полиция қызметкерлерінің мас күйде болған-болмағанын сараптама қорытындысы бойынша соттың шешетінін мәлім етті.

Оның пікірінше, жол-көлік оқиғасы қасақана жасалмаған, оның орын алуына көктайғақ себеп болуы мүмкін.

А.Лукиннің ақпараты бойынша, келтірілген залалдың сомасы белгісіз. Алайда, ол қақпаға қарағанда, көліктің көбірек зақымдалғанын атап өтті.

«Кінәлі жүргізуші куәлігінен айырылып, әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін», - деп нақтылады А.Лукин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 17 қаңтар күні сағат 03.20 шамасында Астана ІІД ӘПБ арнайы батальонының инспекторы, полиция лейтенанты  Е. Иманбеков мас күйінде мемлекеттік нөмірі 420 ULA 01 Porsche Cayenne көлігін басқарып келе жатып, Ақорда резиденциясы қақпасының тіреуіне соғылған. Көлікте взвод командирі, полиция капитаны Г.Жұмахметов (машина иесі) болған. Ол оқиға орнынан бой тасалаған.

Ведомство мәлімдегендей, оқиғаға кінәлі Е Иманбеков пен оның бастығы -  взвод командирі, полиция капитаны Г.Жұмахметов ҚР Ішкі істер органдары қызметінен босатылды. Ұйымдастыру және тәрбие жұмыстарын нашар жүргізгені үшін аталмыш бөлімнің басшылығы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған.