Ақпан айының басынан бері 10 миллионға жуық сыра құйылған кег таңбаланды – Сауда министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда кегтерде өткізілетін сыра мен сыра сусындарын міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Міндетті таңбалау енгізілгеннен бері жүйеде 10 миллионға жуық кег таңбаланды, деп хабарлайды ҚР Сауда жән интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.

кега
Фото: pexels

Кегтердің стандартты көлемі 30 және 50 литрді құрайды. Осыны ескере отырып, таңбаланған сыраның жалпы көлемі шамамен 400 миллион литр болады. Бүгінде таңбалау жүйесінде сыра мен сыра сусындарының айналымына қатысатын 10,8 мыңнан астам қатысушы тіркелген.

Кегтерде өткізілетін барлық сыра мен сыра сусындары бөлшек сауда нүктелеріне таңбалау кодтары қойылған күйде жеткізілуі тиіс. Барлық бөлшек сауда субъектілері Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде (ТТҚ АЖ) тіркелуі қажет. Өнімді бақылау-кассалық машиналар арқылы сату кезінде қаптамаға енгізілген Data Matrix кодын сканерлеу қажет. Сату кезінде кодты сканерлеу өнімнің таңбалау жүйесіндегі айналымнан автоматты түрде шығарылуын қамтамасыз етеді.

Құйылып сатылатын таңбаланған сыра мен сыра сусындарын айналымнан шығару фискалдық деректер операторынан (ФДО) келіп түскен алғашқы мәліметтер негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте айналымнан шығару бүкіл кегке қатысты тіркеледі.

Естеріңізге сала кетейік, сыра мен сыра сусындарын таңбалау кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап міндетті таңбалау кегтердегі өнімдерге қатысты қолданылады. 2026 жылғы қыркүйектен бастап таңбалау шыны бөтелкедегі сыра үшін, ал 2027 жылғы қаңтардан бастап қаңылтыр банкалардағы өнім үшін міндетті болады.

Кезең-кезеңімен енгізу нарық қатысушыларына жабдықтар мен есепке алу жүйелерін біртіндеп бейімдеуге, өндірістік және логистикалық үдерістерді реттеуге, сондай-ақ өнім жеткізілімдерінде іркілістерге жол бермей, таңбалау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта міндетті цифрлық таңбалау дәрілік заттарға, аяқ киім өнімдеріне және темекі бұйымдарына қатысты қолданылады. 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап киік мүйіздері міндетті таңбалауға жатады. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап сыра мен сыра сусындарына, сондай-ақ «Мотор майлары» тауар тобына қатысты цифрлық таңбалау міндетті болды.

Осыған дейін Қазақстанда сыраны таңбалау жүйесі қалай іске асатыны туралы жаздық.