Ақпан айында Қазақстаннан 1 млн АҚШ доларына жуық қаржы шығарылмақ болған – министрлік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылдың ақпанында жеке тұлғалар шет елдерге декларацияланбаған 1 млн жуық АҚШ долларын алып кетпекші болған. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақпан айында Қазақстаннан 1 млн АҚШ доларына жуық қаржы шығарылмақ болған – министрлік

«2022 жылдың тек ақпан айында ғана «Жетісу», «Әуежай-Астана», «Әуежай-Ақтөбе», «Қазығұрт», «Әуежай-Шымкент», «Әуежай-Актау» кеден бекеттерінде декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражаттарын алып кетудің 51 фактісі анықталды. Декларацияланбаған қолма-қол ақшаның сомасы 995 410 АҚШ долларын құрады», - деп хабарлады ведомстводан.

Жалпы биылғы ақпан айында 50 әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар жасалған (тауарларды, қолма-қол ақша қаражатын, ақша құралдарын декларацияламау немесе анық емес кедендік декларациялау, кедендік құжаттардағы мәліметтерді анық емес мәлімдеу). Аталған заң бұзушылықтар бойынша 1 531 500 теңгеге айыппұл салынды.

4 ақпанда Алматы қаласының халықаралық әуежайында «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері «Алматы-Ыстанбұл» әуе рейсімен ұшуға бағытталған ҚР азаматын тоқтатты. Одан декларацияланбаған 97 000 АҚШ доллары табылды. Материал одан әрі тергеу үшін Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне берілді.

2022 жылдың 8 ақпанында «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері Ыстанбұлға ұшпақ болған Қазақстан азаматын ұстап, одан 26 000 АҚШ доллары мөлшерінде декларацияланбаған ақша тапты.

Тек елордада 2022 жылдың ақпан айында жеке тұлғаларға 9 әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар жасалған, ол азаматтар 101 341 421 теңге, нақты айтқанда 219 414 АҚШ долларын декларацияламастан шекарадан алып өтпек болған, айыппұлы – 275 670 теңге.

Мәселен, 2022 жылғы 11 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында «Нұр-Сұлтан-Анталья» халықаралық әуе рейсімен ұшып бара жатқан Қазақстан азаматы ұсталып, одан 32 552 АҚШ доллары мөлшеріндегі декларацияланбаған қаражат анықталды.

2022 жылғы 22 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында «Нұр-Сұлтан-Дубай» халықаралық әуе рейсімен ұшып бара жатқан Қазақстан азаматын ұстап, одан 43 070 АҚШ доллары сомасында декларацияланбаған ақша анықталды.

2022 жылғы 3 ақпанда «Әуежай-Ақтөбе» кеден бекетінің қызметкерлері ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, Ыстанбұлға кетіп бара жатқан ер адамнан декларацияланбаған 40 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны кедендік бақылаудан жасырып алып өтпек болғаны анықталды.

2022 жылғы 21 ақпанда «Әуежай-Ақтау» кеден бекетінің мамандары мен шекара қызметі және экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері бірлескен кедендік бақылау кезінде «Ақтау-Тбилиси» халықаралық авиарейсін ресімдеу барысында қазақстандықтан 27 100 АҚШ доллары сомасында декларацияланбаған ақша анықталды.

2022 жылдың 11 ақпанында «Қазығұрт» кеден бекетінен 10 334 АҚШ доллары көлеміндегі шетел валютасын декларацияламастан алып бара жатқан ер адамды ұстады.

Шымкентте 17 ақпанда «Шымкент-Ыстанбұл» әур ейсімен кетіп бара жатқан Қазақстан азаматынан делкрацияланбаған 10300 АҚШ доллары сомасындағы қолма-қол ақша анықталып, 30630 теңге айыппұл салынған.

Мемлекеттік кірістер комитетінде «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 343-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында қолма-қол ақша қаражаты кедендік декларациялауға жататынын еске салды.

«Кедендік декларациялауды жүзеге асыру өткізілетін қолма-қол ақшаның және жол чектерінің шығуы және мақсаты туралы мәліметтерді көрсете отырып, әкелінетін немесе әкетілетін қолма-қол шетел валютасының, қолма-қол Ұлттық валютаның және жол чектерінің барлық сомасына жазбаша нысанда кедендік декларация беру арқылы жүргізіледі.

Бұдан басқа, тауарларды кедендік декларациялау кезінде жеке тұлғалар 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасына тең немесе одан аспайтын жалпы сомадағы қолма-қол шетел валютасын және (немесе) қолма-қол ұлттық валютаны (бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда) және жол чектерін кедендік декларациясыз ҚР-ға әкелуге немесе ҚР-дан әкетуге құқылы»,-делінген Қаржы министрлігінің хабарламасында.