Ақпаратқа қолжетімділікті заңнамалық реттеу халықаралық стандарттарға негізделуі керек - ЕҚЫҰ Орталығының басшысы

АНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ақпаратқа қолжетімділікті заңнамалық реттеу халықаралық стандарттарға негізделуі керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Ақпаратқа қолжетімділік мәселесін заңнамалық реттеу саласындағы елдердің озық тәжірибесі» атты тақырыптағы дөңгелек үстел барысында ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының басшысы Александр Кельчевский осылай мәлім етті.

Ақпаратқа қолжетімділікті заңнамалық реттеу халықаралық стандарттарға негізделуі керек - ЕҚЫҰ Орталығының басшысы

«Ақпарат демократиялық қоғамда маңызды рөл атқарып қана қоймайды, қоғам прогресі үшін үлкен мәнге ие. Бұл қоғамның дамуына, адамның басқа да құқықтары мен негізгі бостандығының жүзеге асуына септігін тигізеді. Адам құқы жөніндегі жалпыға ортақ декларацияның 19-ы бабы бойынша «әрбір адамның пікір еркіндігі мен оны білдіру еркіндігіне, әрі еш кедергісіз өз пікірінде қалу құқына да ие». ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттер де осы қағидаттарды сақтау мен сыйлау жолын ұстанатындықтарын мәлімдеп келеді. Әрине, демократиялық қоғамда мемлекет азаматтардың ақпарат алуына қолжетімділікті қамтамасыз етуі шарт. Ал ақпаратқа қолжетімділікті заңнамалық реттеу халықаралық стандарттарға негізделуі керек», - деді А. Кельчевский.

Орталық директорының айтуынша, бұндай заңнама бірнеше бағыттарды қамтуға жәрдемдесуі шарт. «Біріншіден, қоғамның мемлекеттік орган қызметтерін бақылауға жол ашуы керек. Екіншіден, билікті жеке басына пайдаланудың алдын алуға септігін тигізуі және қоғамның билікке сенімін арттыруы керек. Үшіншіден, жұртшылық қоғамның тіршілік әрекетіне кеңінен араласуы тиіс. Осыған орай, заңнама қоғамның мүддесін ескеріп, белгілі бір ақпараттарды алуына қолжетімділікті қамтуы керек», - деді А. Кельчевский.

«Кей жағдайда қайсыбір мемлекеттердің үкіметтері өздерінің азаматтарының ақпарат алу құқын шектеп, осы тұрғыдағы өздерінің әрекеттерін ұлттық қауіпсіздікпен, мемлекеттік құпиямен ақтап жатады. Жеке тұлғалардың құқын қорғау мен олардың жеке өміріне қолсұқпаушылықты да алға тартатындар бар. Бұл тұрғыда ұлттық қауіпсіздікті қорғау мәселесі азаматтардың тиісті ақпарат алуын шектеуге сылтау болмауы керек. Әрине, жеке өмірге құқық та халықаралық қабылданған қағидат. Алайда, әңгіме жұрттың алдында жүретін тұлға туралы болған жағдайда, онда бұл басқа азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін шектемеуі керек», - деді ол.