Ақпараттық қауіпсіздік БАҚ-та мемлекеттік тілдің аясы кеңіген сайын беки түседі

СТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Соңғы жылдары әлемдік оқиғалар, жаһандық дау-дамайларды көрсетуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі айтарлықтай өсіп отырғанын байқайсыз. Басқасын былай қойғанда, кейінгі жылдары ТМД кеңістігінде орын алған жанжалдардың өзі әлемнің әр түкпіріне әртүрлі мазмұндағы ақпарат болып ағылып жатты. Міне, осыдан-ақ ашық соғыстан да ақпараттық айқастардың салдары мықты болатынын көз көрді. Сондықтан, бұған дейін де айтылып келе жатқан, бұдан кейін де айтыла беретін ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің деңгейін көтеретін кез жетті. Шындығында, бұл мәселе әсіресе Қазақстан үшін аса өзекті болары даусыз.
None
None

Осы жайттан туындайтын болуы керек, бүгін Парламент Сенаты «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңын қабылдады. Келісімге сәйкес тараптар ынтымақтастықты іске асыра отырып, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірқатар негізгі қатерлердің болуын қаперге алатын болады. Атап айтқанда, бұндай қатерлерге ақпараттық қаруды әзірлеу және қолдану, ақпараттық соғысты дайындау және жүргізу, ақпараттық терроризм, ақпараттық кеңістіктегі үстем жағдайды басқа мемлекеттердің мүдделері мен қауіпсіздігіне залал келтіретіндей пайдалану, басқа мемлекеттердің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйелеріне, рухани, адамгершілік және мәдени орталарына залал келтіретін ақпаратты тарату секілді қатерлер жатқызылады.

Келісімге сәйкес, әрбір Тарап өз мемлекетінің ақпараттық ресурстарын және аса маңызды құрылымдарын заңға қайшы келетін пайдаланудан, рұқсатсыз араласудан, оның ішінде оларға ақпараттық шабуыл жасаудан қорғауға тең құқылы болып табылады. ШЫҰ аясындағы мүше мемлекеттер бір-біріне жоғарыдағы айтылғанға қатысты, соған ұқсас іс-әрекеттерді жүргізбейді, қамтылған құқықтарды жүзеге асыру үшін басқа Тараптарға жәрдемдесетін болады. Парламент қабылдаған заңның негізгі бағыты осыларды қамтиды. Баяндамашы аталған құжатты ШЫҰ аясындағы теңдессіз келісім ретінде бағалап қойды. Келісімді бірінші болып Ресей қабылдапты, Қытай мен Тәжікстан да ратификациядан өткізуге тақау көрінеді.

Шындығында, ШЫҰ десе алдымен көз алдыңа шығыс аждаһасы, сонсоң орыс аюы елестері хақ. Осы екі алып мемлекеттің де ең әлсіз әрі ең қорқынышты тұсы ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне келіп тірелетінін көзі ашық адам әуелден біледі. Мәселен, Қытай баяғы жабық қалпынан айнымайтын ел ретінде танылса, Ресей тарам-тарам бүлінушіліктің-бөлінушіліктің басын осы ақпараттық қатерлерге балайды. Оның үстіне кейбір орыс саясатшылары бұрынғы империялық қауқардан айырылып қалудың басты себебін батыстың, американың ақпараттық экспанциясынан көреді.

Бұл екі алып елде ақпараттық қауіпсіздікке қатысты хал осылай боп тұрғанда Қазақстандағы мәселе одан да күрделі болатыны даусыз. Өйткені, тәуелсіздіктен бері түгелдей отарсыздану үдерісін бастан өткеріп болмай жатып, ақпараттық басқыншылықтың отарына қайта айналып бара жатырмыз деп дабыл қағушылар да жеткілікті. Оған дәйек те жоқ емес. Ал жоғарыдағы келісім Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі мәселесіне толық жауап бере ала ма, міне сол жағы бұлыңғырлау.

Бір қызығы, халықаралық ақпараттық қауіпсіздік туралы келісім қабылданардан бір күн бұрын отандық «31 арна» журналистері дәл осы мәселеге қатысты мәлімдеме таратты. Журналистер «31 телеарнаның» 20 пайыз акциясын иеленген ресейлік «СТС-Медиа» холдингін Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» заңының нормаларын өрескел бұзып отыр деп айыптады. Олар құрылтайшы ауысқалы бері 2-3 жылдың ішінде ондаған қазақ хабарлары жабылғанын, эфирлік саясат ресейлік мүддеге жұмыс жасап отырғанын алға тартады.

Расында, бұл даудың қалай шешімін табатыны түсініксіздеу. Бір анығы ақпараттық қауіпсіздікті күшейту үшін ең алдымен БАҚ-тағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту керек.

Отандық телеарна журналистерін алаңдатқан мәселеге сенатор Қуаныш Айтаханов та қосылады. «Келісімнің бірінші қосымшасында ақпараттық қауіпсіздікке анықтама берілген. Ал құжаттың 2-ші бабының екінші қосымшасында халықаралық ақпараттық қауіпсіздік қатерлерінің қатарына мына мәселе жатқызылады: 5-ші тармақта «басқа мемлекеттердің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жүйелеріне, рухани, адамгершілік және мәдени орталарына зиян келтіретін ақпараттар тарату жатқызылған», дейді. Бұл мәселе елімізде өзекті болып келеді. Атап айтқанда, Ресей арналары арқылы Қазақстанға күндіз-түні атыс-шабысқа, зорлық пен зомбылыққа, порнография мен қатігездікке толы телехабарлар беріліп жатыр. Тіпті әке-шешесі ұл-қызының, баласы мен келінінің жанында отырып теледидар көре алмайтын жағдайға да жеттік. Бұлардың барлығы жастарымызды қатігездікке тәрбилейтіні сөзсіз», деді Қ. Айтаханов.

Расында, тәуелсіз саясат ұстану шарттарының бірі ақпараттық қауіпсіздік һәм тәуелсіздік болуы керек. Өйткені, ақпараттық қауіпсіздік кез келген мемлекеттің егемендігінің аса маңызды элементінің бірі саналады.

Соңғы жаңалықтар