Ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері Солтүстік Қазақстанда Елбасы Жолдауын талқылауда
Құрамына Парламент Мәжіліс депутаттары Ерлан Нығматуллин, Петр Дмитриенко, Тәңірберген Бердоңғаров, Бақыт Сыздықова, Аманжан Жамалов, Серік Қонақбаев кірген республикалық ақпараттық-насихаттау тобы ақпанның 9-ынан бері Солтүстік Қазақстанда жүр.
Мәжіліс депутаттарының Солтүстік Қазақстанға сапарының мақсаты - Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өркендеу -Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау және түсіндіру болып табылады.
Депутаттар «Бірыңғай ашық есік күнінің» аясында ақпанның 9-ында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады. Азаматтардың мәселелері негізінен, зейнетақыны қайта есептеу, жалғызбасты аналарға, Ұлы Отан соғысы жылдары туған балалар мен тыл еңбеккерлеріне жәрдемақы төлеу мәселелеріне қатысты болды. Сондай-ақ, «Еңбек туралы» ҚР Заңына түзету енгізу туралы ұсыныстар да айтылды. Барлық өтініштер бақылауға алынды.
Ақпараттық-насихаттау тобы мүшелері сондай-ақ, облыстық мәслихатта денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы бастауыш партиялық ұйымдардың активімен кездесті. Онда мектептерде ыстық тамақ беруді ұйымдастыру, кәсіптік-техникалық білім беру желісін дамыту, сондай-ақ «Ардагерлер туралы» ҚР Заңын қабылдау мәселелері көтерілді. Депутаттар бірқатар мәселелер бойынша түсіндірме берді, тағы біразы бақылауға алынды және Үкіметтің қарауына жеткізілетін болды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде депутаттар студенттермен және оқытушылармен кездесті. Кездесуде несиелік оқу жүйесі, магистр, PhD докторы мәртебелерін заңнамалық деңгейде бекіту, «Жастар саясаты туралы» жаңа заң қабылдау, студенттерге қалааралық және қалалық қоғамдық көліктерде жеңілдікті жолақы мүмкіндігін беру туралы мәселелер сөз болды.
Мәжіліс депутаттары сондай-ақ, кардиологиялық орталықтың, №1 қалалық аурухананың, №17 және №20 орта мектептердің еңбек ұжымдарымен кездесті.