Ақпараттық жүйені барынша қазақыландыруға тырысу қажет ? Мәдениет және ақпарат министрі

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанның 2010 жылға дейінгі Мемлекеттік тіл бағдарламасы бойынша барлық мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздарын жүргізу қазақ тіліне көшуі керек.

Ақпараттық жүйені барынша қазақыландыруға тырысу қажет ? Мәдениет және ақпарат министрі
Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды барынша жандандыруымыз қажет. Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед министрліктің алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жұмыстар негізінен ақпарат жүйесін қамтуы тиіс. «Бізге тілдік порталдарды қолданушылар үшін қолжетімді сервистердің тізбесін кеңейту қажет. Осы орайда айта кетер мәселе біздің бір ай бұрын ғана ашылған Мемлекеттік тіл туралы порталымызға 56 елден оқырмандар кіріпті. Осындай жағдайда қазақ тіліне қажеттілік жоқ деп қалай айтуға болады. Ол аз болса қазір Еуропаның көптеген дамыған елдерінде қазақ тілін оқитын біраз түрколог мамандар бар. Яғни бізге басқаны емес бірінші кезекте осы ақпараттық жүйені қазақыландыруға тырысу қажет. Бұл тілдің тек функционалдық негізін ғана емес, оның қолданыс аясын да кеңейтеді», - деді министр.