Ақсай қаласында әйел адам тоналып, автокөлік ұрланды

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 26 қараша күні кешкісін Чапаев көшесінде әйел адам тоналған. Кісі тонаушы әйелдің ақша, ұялы телефон, жеке заттары салынған сөмкесін тартып алған. Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қылмыстың ізін суытпай, 22 жасар қала тұрғынын қолға түсірді.
Бөрлілік полицейлер автокөлікті айдап кету қылмысын да тез ашты. 3 желтоқсанға қараған түні белгілі бір тұрағы жоқ, ішкі істер органында есепте тұратын 36 және 22 жасар қала тұрғындары «қыдырғысы» келіп, «Нива-Шевролет» автокөлігінің кілтін сындырып, ішіне кіргенмен, ойындағыларын жүзеге асыра алмаған. Содан кейін олардың көзі «ВАЗ-21310 Нива» автокөлігіне түсіп, айдап кеткен. Иесі «темір тұлпарының» жоғалғанын айтып, полицияға хабарлағаннан кейін күдіктілер алысқа ұзамады.