Ақсай қаласындағы бір пәтерден 1,7 млн. теңге ұрланды - БҚО
ОРАЛ. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ақсай қаласында тұратын У. деген азаматшаның пәтеріндегі сейфтен 1,7 млн. теңге ұрланған.
Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қылмыстың ізін суытпай, Теректі ауданының 24 жасар тұрғынын қолға түсірген.
Жалпы, өңірде өзгенің мүлкіне қол сұғу, қастандық жасау көбейіп тұр. 11 қаңтарда Орал қаласындағы «Универтекс» ЖШС автотұрағынан Н. деген азаматқа тиесілі «Мазда-323» автокөлігін біреу айдап кеткен. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде бұрын сотталған 45 жасар П. ұсталды. Автокөлік апатқа ұшыраған күйінде табылған. Дәл осы күні Тасқала ауданы Амангелді ауылында зейнеткердің пішені отқа оранды. Көп ұзамай оны қасақана өртеген бұрын сотталған 25 жасар осы ауыл тұрғыны қолға түсті. 12 қаңтарға қараған түні Теректі ауданы Ақжайық ауылында осы елді мекеннің 20 жасар тұрғыны және Оралдан келген 19 жасар Е. мен Р. алты бірдей автокөліктің заттарын ұрлаған.
15 қаңтарда Оралдан Тасқалаға кетіп бара жатқан «Митсубиси-Галант» автокөлігінің ішінде 20 жасар жүргізушіге қарақшылық шабуыл жасалды. Екі ер және бір әйел адам таксистің «Моторола» ұялы телефоны мен 4 мың теңгесін тартып алған. Бұл қылмысқа барған түзеу мекемесінен мерзімінен бұрын босанып шыққан Переметный ауылының 43 жасар Т. деген тұрғыны, Ақжайық ауданы Қарауылтөбесінің 38 жасар тұрғыны және Тасқалада тұратын 34 жасар әйел адам алысқа ұзаған жоқ.
16 қаңтарда Орал қаласының полицейлері 11 қаңтарда жасалған кісі тонау қылмысының бетін ашты. 7-сынып оқушысынан бір топ жас «Нокиа-6303» ұялы телефонын тартып алған болатын. Осы қылмысқа барған 15 жасар үш және 17 жасар бір бала қолға түсті.