Ақселеу Сейдімбектің «Ойтолғағы»: Кісіліктің ең зоры - өз арыңның алдында адал болу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халқымыздың көрнекті қаламгері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбекті білмейтін қазақ кемде-кем.

Ақселеу Сейдімбектің «Ойтолғағы»: Кісіліктің ең зоры - өз арыңның алдында адал болу

Ғалым бұрын жиналмаған да зерттелмеген қазақтың қара өлеңдері мен күй аңыздарын алғаш рет рухани айналымға түсірді, «Қазақтың ауызша тарихы» деп айтуға әбден лайық шежірелік деректерді кең көлемде пайдалана отырып, тұңғыш рет қазақ халқының ру-тайпалық құрылымын толық қалпында саралап бергені мәлім. Оның соңғы жарық көрген алты томдық шығармалар жинағының қазақ мәдениеті мен тарихына, әдебиетіне қосқан үлесі зор. Автордың өзі жинаққа кірген еңбектерін жүйелеп, сұрыптап, тү­зетулері мен толықтыруларын енгізіп, баспаға беруге атсалысқан. Жинаққа журна­лис­тік ең­бек­терінен бастап, ең соң­ғы ғы­лы­ми еңбек­тері, жазушының көркем туындылары мен аударма­лары­ енгені белгілі. Сол алты томдығының екінші томына Ахаңның 1972 жылдан бастап, 1991 жылға дейінгі жазбалары, яғни күнделігі енген. «Ой да бір іштің шері ғой. Айтсаң шерің тарқап қалады. Сондықтан да күнделікті ой иірімдерін «Ойтолғақ» деп атадым да, орайлы сәтте қағазға түсіріп отыруды ниет еттім. Өзге үшін емес, өзім үшін. Әрине, өзге көзі түсіп, өзге ой ортақтасар күн туса, оның да өкініші бола қоймас», - деп бастапты ғалым 1972 жылғы қаңтардың бірінде бастаған күнделігінде. Өзгелердің де көзі түссін деген мақсатпен Ахаңның көңілімде қалған жазбаларын жариялаған артық болмас.

***

08.06.1972. Мың жерден тығырыққа тіреліп дал болып, тәтті деген тіршілігің қанжылым татып отырса да, күресе бер. Бұл - шым-шытырық тіршіліктің ең бір жұғымды сыбағасы.

12.06.1972. Жаманның өлгенінен гөрі жоғалып кеткені жақсы.

06.07.1972. Ауылға барып қайттым. Балаларымды ауылға апарып тастағаныма екі айдай болған-ды. Тым болмаса тілі қазақша шықсыншы деген ой деп. Аздап қазақша былдырлап қалыпты. Қатты қуандым. Баланың өз ана тілінде сөйлегеніне қуантып қойған заман-ау десейші!

16.06.1973. Менің әмиянымның тазалығы арымның тазалығындай.

28.10.1974. Адам өмірінің басым бөлігі кездейсоқтықтан тұратын сияқты. Уақыт күрделенген сайын кездейсоқтықтың да шоқтығы биіктей беретіндей. Алайда Қыдырдың қасын көтеріп көз салуын, Бақтың ұшып келіп басқа қонуын күтіп отыруға еш болмайды. Абай айтпақшы, өзіңе сен. Ақылың мен қайратың екі жақтап алып шығар.

Ал қайрат та бар, ақыл да бар, қабілет те бар. Бірақ кездейсоқтыққа тап болмай қойсаң ше?..

04.09.1975. Көп көңіліндегі көлеңке - ел басындағы елбеңдегендердің көлеңкесі.

24.11.1977. Ескерткіштерін сақтай білмеген елдің ұлттық танымы мен сана-сезімі күңгірт тартады. Онда халық ерік-күші жағынан да, рухани жағынан да әлжуаз болады. Сыртқы күштердің әсер-ықпалына талғаммен қарай алмайды, оп-оңай жетегіне ілесіп жүре береді. Ақырында құрып бітеді немесе мүлде басқа сапаға айналады.

09.11.1978. Жұмыр жердің бетінде қасиет тұтар үш ғажайып бар дейді дана халық. Оның бірі НАН - халықтың қарны тоқ, қабағы ашық, дені сау болу үшін қажет. Екіншісі ӘЙЕЛ - мәңгі үзілмей жалғасып келе жатқан тіршіліктің тірегі. Үшіншісі КІТАП - уақыттың дәнекері, өмірдің сабақтастығын тек қана өрге сүйреуші.

09.02.1979. Ақшаның алмас жүзі қан шығармай бауыздайды, сүйегіңе жеткізе бауыздайды.

22.05.1980. Біздің тарихқа қаншалықты қатысымыз болса, тарихтың бізге соншалықты қатысы бар.

08.02.1984. Абылай ханды қалмақтың найзасынан гөрі тарихшылардың қаламы көбірек жаралаған.

30.07.1985. Испанияның жындыханасындағы маңдайшаға жазылған жазу: «Мұндағының бәрі бірдей бұл жерде болуға лайық емес, бұл жерге лайықтылардың бәрі бірдей мұнда емес».

15.01.1988. Менің қолымда билік болса, Қазанғап пен Ықыласты, Естай мен Мұхитты білмеген бастық атаулыны орнынан алып тастар ем.

19.07.1988. «Ауыстыруға болмайтын адам жоқ» деп келетін бір сөз бар. Одан гөрі әр адамды өз алдына, қайталанбайтын бір әлем десе қисынға келеді. Қайталанбайтын тұлғалар қоғамда неғұрлым көп болса, сол қоғамның рухани өресі биіктей бермек.

15.08.1989. Жұрт көзінше ақ сөйлеп, адал болу, кісілікті әрекет жасау екінің бірінің қолынан келеді. Кісіліктің ең зоры - өз арыңның алдында адал болу. Еш куәсіз, оңаша өзіңмен-өзің жүріп ксілікті қалпыңды сақтау, адал, әділ болу, міне, адамның ең адамгершілік қасиетінің парықталар жері осы.

30.08.1990. Ұлттың өмір сүруінің кепілі және өмірлік мұраты - ұлттық төлтумалықты сақтауға саяды. Төлтумалықтан өзге мұратты бірінші кезекке шығарған ұлт түптің түбінде рухани жадаулыққа ұрынады. Өзгеге еліктеп қана өмір сүреді. Ақыр аяғында басқа мәдениеттің аясына сіңіп жоғалады. Сайып келгенде, адамзат баласының ұзына тарихы осынау қарапайым ақиқаттан тұрады.

Р.S. Ғалымның 30-40 жыл бұрын айтылған ой-толғамдары бүгінгі қоғамда да өзекті болып отырғаны жасырын емес. Бұл Ахаңның тіл, әдебиет, тарихқа қатысты айтқан парасатты ойларының бір үзігі ғана. Ғалымың бізге қалған баға жетпес мұрасының рухани дамуымызға қосар үлесі зор екені белгілі. Біздің мақсат Ақселеудің күнделігіндегі үлгі болар ойларын оқырманға жеткізу деген ниет еді.