АҚШ 50 елдің азаматтарына визалық кепіл енгізеді: сома 20 мың долларға дейін жетуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – 3 тамыздан бастап АҚШ туристік және іскерлік B-1/B-2 визасын рәсімдейтін 50 елдің азаматтары үшін тұрақты визалық кепіл жүйесін енгізеді. Кепіл сомасы 20 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Қазақстан бұл тізімге енген жоқ, деп хабарлайды Kazinform.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, кепіл сомасын әрбір өтінішті қарау кезінде консулдық қызметкер жеке тәртіппен белгілейді. Егер өтініш беруші АҚШ-тан белгіленген мерзімде кетсе, визаны пайдаланбаса немесе елге кіруге рұқсат ала алмаса, кепіл қаражаты толық қайтарылады. Ал визалық талаптар бұзылған жағдайда бұл қаражат мемлекет пайдасына ұсталып қалады.
Жаңа талаптар АҚШ билігінің дерегі бойынша визалық режимді жиі бұзып, елде рұқсат етілген мерзімнен артық қалатын мемлекеттердің азаматтарына қатысты қолданылады. Тізімге Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Грузия, Алжир, Ангола, Бангладеш, Камбоджа, Моңғолия, Непал, Тунис, Уганда, Венесуэла, Зимбабве және Африка, Азия мен Латын Америкасының бірқатар басқа елдері енгізілген.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл тетік пилоттық бағдарлама аяқталғаннан кейін тұрақты негізде енгізілгенін мәлімдеді. Бұған дейін консулдықтар 5 мың, 10 мың немесе 15 мың доллар көлемінде кепіл белгілеуге құқылы болған. Енді ең төменгі бекітілген шек алынып тасталып, кепілдің ең жоғары мөлшері 20 мың долларға дейін ұлғайтылды.
АҚШ билігі бұл шара визалық режимді бұзу және иммиграциялық емес визаларды заңсыз пайдалану жағдайларын азайтуға ықпал етеді деп есептейді.
Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, соңғы апталарда АҚШ-тың Иммиграция және кеден қызметі (ICE) мерзімі өтіп кеткен визамен жүрген шетел азаматтарына қатысты бақылауды күшейткен. Мәліметке сәйкес, кемінде 15 әуежайда осындай тексерулер жүргізілген.
Айта кетейік, АҚШ-та студенттік виза шетелдіктер үшін қымбаттауы мүмкін екені хабарланды.