АҚШ әкімшілігі БҰҰ, ЮНЕСКО және ДДСҰ ұйымдарына жарна төлеуді уақытша тоқтатуды ұсынды

ВАШИНГТОН. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі БҰҰ, ЮНЕСКО және ДДСҰ ұйымдарына америкалық жарналарды уақытша тоқтатуды ұсынды, деп жазды ТАСС. 

Трамп
Фото: Nathan Howard / Reuters

Бұл туралы Ақ үй жұма күні жариялаған 2026 қаржы жылына арналған федералды бюджет жобасында айтылған (АҚШ-та қаржы жылы 1 қазанда басталады).

Құжатта Трамп әкімшілігі «БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарға ерікті жарналарды тоқтату» есебінен 1,7 млрд доллар көлемінде шығындарды қысқартуды ұсынады. Атап айтқанда, бұл БҰҰ, ЮНЕСКО және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бюджетіне берілетін төлемдерге қатысты.

Бюджет жобасында АҚШ президенті бұл ұйымдарға жарналарды өз қалауы бойынша жүзеге асыра алатыны айтылған. Бұл мақсатқа 2,9 млрд доллар көлемінде арнайы «стратегиялық инвестициялар» қорын құру ұсынылады.

Сондай-ақ, құжатта БҰҰ шеңберіндегі кейбір «тиімсіз бітімгершілік миссияларын» қаржыландырудан бас тарту арқылы 1,6 млрд доллар үнемдеу қарастырылған.

Бұған дейін хабарланғандай, АҚШ 2026 жылы  әскери шығындарын 1,01 триллион долларға ұлғайтуға ниетті.

Соңғы жаңалықтар