АҚШ әлемді арзан мұнайға қарық қыла ала ма – сарапшылар пайымы
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Президенті Дональд Трамп елдің экономикалық тұғырын мұнай мен газ есебінен нығайтуға ниетті екенін мәлімдеп үлгерді. Жылдар бойы кейінге ысырылып келген тақтатас мұнайының өндірісін қайта жандандырып, бүкіл әлемді арзан мұнай мен сұйытылған газға қарық қылатынын жариялады. Бірақ кей сарапшылар АҚШ қазірдің өзінде мұнайды максималды көлемде өндіріп жатқанын айтады.

Мұнай державасы?
Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов АҚШ мұнай державасына айналу үшін бұрғылау саласына қомақты инвестиция тарту керек деп есептейді. Оның өзінде геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жаңа кен орындарын ашу керек болады.
- Жаңа ұңғымалар бұрғылау үшін кемінде 2-3 жыл, геологиялық барлау жүргізіп, кен орнын әзірлеуге 5 жыл кетуі мүмкін. Демек, Трамп өзінің президенттік мерзімінде әлемді арзан мұнайға қарық қыла алмайды. Бұдан АҚШ-та мұнай өндірісі артты деп, мұнай бағасы күрт құбылады деп күтудің қажеті жоқ деген қорытынды жасауға болады. Өндірілетін мұнай көлемі сәл артуы мүмкін. Бірақ ОПЕК ондай сын-қатерлерді дер кезінде еңсеріп, қолайлы баға деңгейін сақтай алып отыр, - дейді сарапшы.
Ал экономист Арман Байғанов АҚШ-тың мұнай өндірісін арттыруға түбегейлі бет бұрғанын болжап отыр.
- Трамп дәстүрлі мұнай өндіру тәсіліне қолдау көрсетуге ниетті болуы мүмкін. Бұл - Америкада әсіресе тақтатас мұнайының өндірісін күшейтеді деген сөз. Тіпті ол үшін лицензия алу тетіктері мен кейбір экологиялық шектеуді жеңілдетуі мүмкін. Бұл басқа елдердің де мұнай өндірісін арттыруына түрткі болуы да ғажап емес, - дейді ол.
Сарапшы АҚШ-та мұнай өндірудің өзіндік құны жоғары екенін еске салады. Демек, АҚШ-та өндірістің артуы мұнай бағасын түсірсе де, қысқа мерзімде ғана әсер етуі ықтимал.
Шикізат нарығының кеңесшісі Ора Лазич (Лондон) АҚШ мұнай державасына айнала алмайды деген пікірде.
- Оларда тақтатас мұнайы мен газдың қоры көп. Бірақ ол мұнайды өңдеу қымбатқа түсетіндіктен сыртқа шикідей сатып келеді. АҚШ-тың әр өңіріндегі тақтатас мұнайының сапасы әрқалай. Тіпті АҚШ мұнай өндірісін қысқа мерзімде күрт арттырғанның өзінде әлемдегі энергия тапшылығын шешуі екіталай, - дейді.
Оның сөзінше, АҚШ-қа мұнай тасымалын арттыру үшін терминалдарды кеңейту керек. Ал бұл - арзан шаруа емес.
Қазір бұл елде құны 1 млрд доллардан 3,6 млрд долларға дейін баратын 4 ірі теңіз портын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ ол жобаларға лицензиялау агенттігі де, экология министрлігі де оң қорытынды бермеген.
- International Energy Agency (IEA) халықаралық энергетика агенттігінің мәліметіне және S&P Global болжамдарына сүйенсек, АҚШ-та мұнай өндірісі кеміп келеді. Оған мұнай қорынан бөлек сұраныс та әсер етіп отыр. Сондықтан 5-10 жылдық тренд үшін ешкім мұндай капиталы қомақты жобаға ақша сала қоймас. Өйткені салған ақша 20-30 жылда ақталу керек, - дейді сарапшы.

Бағаның түсуі неге әсер етеді?
Трамп Давостағы форумда сөйлеген сөзінде Еуропаның жетекші елдерін әскери шығындарды арттыруға үндей келіп, Украинадағы соғысты мұнай бағасын түсіру арқылы реттеуге болатынын меңзеді.
Асқар Исмаилов соғыс қарқыны мұнай бағасымен бірге түседі дегенге күмәнмен қарап отыр.
- Соғыс қимылдары көбінесе тараптардың саяси ерік-жігеріне, қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты. Трамп Ресей экономикасының мұнай-газ саласына қатты тәуелді екенін айтқысы келген болуы да мүмкін. Мұнайдан түсетін табыс кемісе, әскери қимылдарға бөлетін қаражаты азаюы мүмкін. Бірақ бұл соғысты мүлдем тоқтатуға мәжбүр етуі екіталай, - дейді ол.
Оның үстіне, мұнай бағасын жаһандық деңгейде реттеп отырған ОПЕК ұйымы бар. Ал Ресей экономикасы санкцияларға әбден бейімделіп алды дейтін пікір қоюланып келеді. Осыны алға тартқан Асқар Исмаиловтың пайымдауынша, мұнай бағасының түсуі бірінші кезекте АҚШ-тың өз мұнай компанияларына соққы болып тиеді.
- Мұнай бағасы түссе, ең бірінші сондағы компаниялар өндіріс көлемін қысқартуы мүмкін, - дейді сарапшы.

ОПЕК қалай қарайды?
Трамп мұнай нарығындағы АҚШ-тың жаңа орнын ОПЕК-пен, Сауд Арабиясымен ақылдаса отырып айқындайтынын мәлімдеген. Егер ОПЕК АҚШ-тың дегенімен жүре бастаса, Сауд Арабиясы ұйымнан шығуы мүмкін деп болжаушылар бар.
- Сауд Арабиясы мұнай өндірісінің көлемін үнемі бақылауда ұстап отыруға мәжбүр. Қазір мұнайдың сұранысы мен ұсыныс арасындағы қатынасты Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы бақылауда ұстап отыр. Дәл қазір мұнайға соншалық зор сұраныс байқалып тұрған жоқ. Басты нарық – Еуропа мен Қытай, Оңтүстік-шығыс Азияның бірнеше елі. Мұнайға деген сұраныс онсыз да тұрақсыз. Бұл жағдай Ирак, Сауд Арабиясы, БАӘ сияқты елдерді ымыраға келтіріп отыр. АҚШ Сауд Арабиясымен мәмілеге келгеннің өзінде ОПЕК-ке мүше басқа елдердің де ықпалын ұмытпау керек, - дейді Ора Лазич.
Мұнай нарығында талайдан бері қалыптасқан жүйе бар. Оның көлемін арттырып арзанға сатқаннан, реттеулі мөлшерде өндіріп қымбатқа сатқан әлдеқайда тиімді.
Аскар Исмаилов ОПЕК-тің тарайтыны туралы болжамдарға да күмәнмен қарайды.
- Сауд Арабиясы – мұнайдың қымбат болуына ең мүдделі ел. Өйткені олардың бюджеті де әлі мұнайға тәуелді. Осыны ескерсек бұл елдің ОПЕК-тен шығуы екіталай. Тіпті Сауд Арабиясы ұйымнан шыққанның өзінде ОПЕК тарап кете қоймас. Нарықта олардан басқа да ықпалды ойыншылар бар. Сауд Арабиясы кеткен күннің өзінде ОПЕК-тің мұнай өндірісіндегі үлесі 30%-дың төңірегінде болады. Бұл - аз емес, - дейді ол.
Әзербайжан экономисі қазір әлемде өндірілетін мұнай мен тұтынылатын мұнайдың көлемі бір-біріне қарайлас екенін айтады.
- Қазір әлемде күніне 102-103 млн баррель мұнай өндіріледі. Тұтынылатыны сонша көлемде. Бұған дейін 2030 жылға қарай мұнай өндіру көлемі күніне 60-65 млн баррельге дейін қысқарып, тұтыну көлемі артады деген болжам танымал еді. Бірақ нарықтағы ірі ойыншылардың кейінгі жылдардағы жоспарына қарасақ, 2030 жылға қарай өндіріс көлемі күніне 105 млн баррелге дейін артатын сияқты. 2050 жылы осы көлем сақталуы мүмкін, бірақ артпайды, - дейді экономист.

ЕО-мен сыртқы сауда саясаты
Сапашылар АҚШ-тың жалпы сауда саясаты радикалды сипатта өзгеретініне күмәнмен қарайды. Өйткені елдің экономикасындағы ықпалы зор корпорациялардың негізгі нарығы - сол баяғы Еуропа мен Қытай.
- АҚШ-тың энергия шикізатын экспорттаушы ел екенін ескерсек, Еуропа мен Қытайдың мұнай мен газды өздерінен алғаны тиімді. Еуропалық Одаққа сауда кедергілерін қойса, қарымта кешікпейтінін олар жақсы түсінеді. АҚШ-та Еуропа тауарына тариф артса, Еуропада АҚШ тауарына дәл солай тариф артады, - дейді Ора Лазич.
Қорыта келгенде АҚШ мұнай өндірісін арттырса, оның кері әсерін әлем ғана емес, өздері де бірден сезінбек.
Ал Қазақстанда биыл алғаш рет тақтатас мұнайы өндірілуі мүмкін.