АҚШ-та алимент бойынша қарызы бар азаматтардың төлқұжаты жойылады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Мемлекеттік департаменті бүгіннен бастап алимент бойынша қомақты қарызы бар ата-аналардың төлқұжатын жоюды бастайды, деп хабарлайды Associated Press.
Бұл шара алғашқы кезеңде қарызы 100 000 доллардан асатын шамамен 2 700 америкалық азаматқа қатысты қолданылады. Кейін бағдарлама едәуір кеңейтіліп, 2 500 доллардан жоғары қарызы бар барлық азаматты қамтиды — бұл шек 1996 жылы белгіленгенімен, іс жүзінде көп қолданылмаған. Бұл науқанда қанша адамның қамтылатыны әзірге белгісіз, өйткені АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігі штаттардан деректер жинауды жалғастырып жатыр. Дегенмен ондаған мың адам ілігуі мүмкін.
Бұған дейін төлқұжатын жою тек оны ұзартуға өтініш бергендерге ғана қатысты болатын. Енді құжат иесінің өтінішіне қарамастан, алдын ала тәртіппен — проактивті түрде алынатын болады.
— Біз алимент өндіріп алуда тиімділігін дәлелдеген тәжірибені кеңейтіп жатырмыз. Қарыз өтелген сәтте ата-аналар қайтадан төлқұжатын пайдалана алады, — деді консулдық мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшының көмекшісі Мора Намдар.
Ведомство дерегінше, бағдарлама 1998 жылы іске қосылғаннан бері штаттар шамамен 657 млн доллар өндіріп алған, оның ішінде соңғы бес жылда 156 млн доллардан астамы біржолғы төлемдер арқылы түскен.
Төлқұжаттары жарамсыз деп танылған азаматтарға құжаттың шетелге шығуға жарамсыз екені туралы хабарлама жіберіледі. Егер адам шетелде жүрген кезде құжаты бұғатталса, ол АҚШ елшілігіне немесе консулдығына жүгініп, елге қайту үшін жедел жол жүру құжатын ала алады.
Алимент мәселесі бойынша Қазақстанда да жағдай мәз емес. Елімізде 12 мың адамның алимент қарызы бар. Сомасы 18 млрд теңгеге жетіп отыр.