АҚШ Anthropic компаниясының ЖИ модельдерін экспорттауға қайта рұқсат берді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Сауда министрлігі Anthropic компаниясының Claude Fable 5 және Mythos 5 жасанды интеллект модельдеріне қатысты экспорттық шектеулерді алып тастады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі CNBC-ге сілтеме жасап хабарлады.
Бұған дейін компания АҚШ үкіметінің талабына сәйкес аталған модельдерге қолжетімділікті шектеуге мәжбүр болған. Енді олар АҚШ-тағы және шетелдегі пайдаланушылар мен серіктестер үшін кезең-кезеңімен қайта қолжетімді бола бастады.
Anthropic компаниясының мәліметінше, Fable 5 моделі қайтадан Claude, Claude Code, Amazon Web Services, Google Cloud және Microsoft Foundry платформаларында қолжетімді болады. 7 шілдеге дейін бұл модельге Pro, Max, Team ақылы тарифтерінің пайдаланушыларының шамамен жартысы, сондай-ақ кейбір корпоративтік жоспарлардың клиенттері қол жеткізе алады.
Компания сондай-ақ АҚШ үкіметімен ынтымақтастықты жалғастырып, Glasswing киберқауіпсіздік бағдарламасы аясында Mythos 5 моделіне америкалық және халықаралық серіктестердің көбірек қол жеткізуіне мүмкіндік бермек. Бұл бағдарлама таңдалған ұйымдарға қорғаныс құралдарын сынақтан өткізу үшін озық жасанды интеллект модельдерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Уақытша тыйым салада алаңдаушылық туғызды. Себебі ол Қытайдың жасанды интеллект модельдері қарқынды дамып, америкалық әзірлемелерге елеулі бәсекелеске айналып жатқан кезеңге тұспа-тұс келді. Технологиялық компаниялардың өкілдері мұндай шектеулер қытайлық әзірлеушілерге қосымша артықшылық береді деп қауіптенген еді.
Бұл жағдай АҚШ-та жасанды интеллект технологияларын дамытуға мемлекеттік бақылаудың күшейіп келе жатқанын көрсетті. Дональд Трамп әкімшілігі әзірлеушілерден жаңа модельдерді кеңінен енгізбес бұрын мемлекетке алдын ала тексеруге ұсынуды талап етеді.
Мұндай рәсімді қазірдің өзінде OpenAI компаниясы да ұстанып келеді. Дегенмен компания мұндай тәжірибе тұрақты талапқа айналмауы тиіс деп есептейді.
Бұған дейін Anthropic 2027 жылға қарай ЖИ-дың бақылаудан шығу қаупі туралы ескерткенін жазған болатынбыз.