АҚШ Ауғанстанға қосымша 30 мың әскери қызметкер жөнелтеді - Обама
Бұл туралы АҚШ Президенті Барак Обама Вест-Пойнт әскери академиясында Ауғанстандағы жағдай туралы сөйлеген сөзінде мәлім етті, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы. Обама сондай-ақ коалициядағы одақтас елдерді де Ауғанстанға қосымша әскер жөнелтуге үндеді.
Обаманың бұл шешімі - елде әрекет етіп отырған «Әл-Кайеда» содырлары мен «Талибан» қозғалысының көздерін барынша қысқа мерзімнің ішінде жоюға бағытталған АҚШ-тың Ауғанстандағы жаңа стратегиясының бір тармағы. АҚШ Президенті сондай-ақ бұл міндетті шешу үшін Пәкістанмен тығыз ынтымақтастықтың қажет екенін баса айтты.
Обаманың сөзіне қарағанда, жаңа стратегия нәтиже берген жағдайда 2011 жылдың жаз айынан бастап АҚШ әскері біртіндеп Ауғанстаннан әкетіле бастайды.