АҚШ баж салығын көтерсе, Қытай қарсы шара қолданады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ тарифтік шараларын күшейтсе, Қытай өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін ең батыл қарсы шараларды қабылдайды. Бұл туралы бүгін ҚХР Сауда министрлігі мәлім етті.

Xinhua агенттігінің хабарлауынша, бұл мәлімдемені ҚХР Сауда министрлігінің өкілі АҚШ «Қытай импортына қосымша 50 пайыздық баж салығын енгіземіз» деп қорқытқаннан кейін жасаған.
- Егер америкалық тарап өз дегенімен дұрыс емес жолға түссе, Қытай соңына дейін күреседі, - деп атап өтті ведомство өкілі.
ҚХР Сауда министрлігі АҚШ-тың Қытайға қарсы салған «өзара тарифтері» негізсіз және «біржақты қорлаудың әдеттегі тәжірибесі» деп санайды.
- Қытай қабылдаған қарсы шаралар оның егемендігін, қауіпсіздігі мен даму мүдделерін қорғауға, сондай-ақ қалыпты халықаралық сауда тәртібін сақтауға бағытталған, - делінген министрлік хабарламасында.
Өткен аптада Қытай АҚШ-тың барлық өнімдеріне 34% баж салығын енгізетінін жариялады. Олар 10 сәуірде күшіне енеді.
- Құрама Штаттардан әкелінетін барлық импорттық тауарларға ағымдағы тарифтік мөлшерлемеден 34% жоғары тариф салынады, - делінген ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Тарифтер жөніндегі комиссиясы қаулысының мәлімдемесінде.
Қытайдың бұл қадамы АҚШ-тың тариф саясатына жауап болды.
Бұған дейін президент Дональд Трамп өзінің «Ең алдымен Америка» күн тәртібінің бір бөлігі ретінде АҚШ-тың барлық сауда серіктестеріне 10% баж салығын және ондаған басқа елдерге жоғары баж салығын енгізетінін жариялады.
9 сәуірден бастап АҚШ 50% көлемінде қосымша баж салығын енгізуді көздеп отыр. Осылайша, АҚШ-тың Қытайға салынатын тарифтерінің жалпы сомасы 104%-ға жетуі мүмкін.
Бұған дейін Қытай АҚШ-тың барлық өніміне 34% баж салығын енгізетінін жазған болатынбыз.
Трамптың соңғы шешімінен кейін жаһандану жайы не болмақ – осы сілтеме арқылы оқи аласыз.