Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

АҚШ Федералдық резерв жүйесі базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) шілде айындағы отырыстың қорытындысы бойынша федералдық қорлар мөлшерлемесінің нысаналы диапазонын 3,5–3,75% деңгейінде сақтап қалды

Америка
Фото: Anadolu Ajansı

Федералдық ашық нарық операциялары комитетінің (FOMC) мәлімдеуінше, шешім көпшілік дауыс бойынша қабылданды. Комитеттің тоғыз мүшесі мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыруды қолдаса, үшеуі қарсы дауыс берді.

ФРЖ мәліметінше, Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты белгісіздік сақталғанына қарамастан, АҚШ экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Еңбек өнімділігі мен капиталдық инвестициялар көлемі жоғары деңгейде қалып, жұмыспен қамту еңбек ресурстарының өсуіне сәйкес артып келеді. Жұмыссыздық деңгейі де айтарлықтай өзгерген жоқ.

Сонымен қатар реттеуші инфляцияның әлі де 2 пайыздық мақсатты деңгейден жоғары екенін атап өтті. Бұған ұсынысқа байланысты күйзелістер мен энергетика сияқты жекелеген секторлардағы бағаның өсуі әсер еткен. ФРЖ инфляцияны мақсатты деңгейге қайтарып, баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге ниетті екенін мәлімдеді.

Комитет мүшелері Бет Хэммак, Нил Кашкари және Лори Логан қабылданған шешімге қарсы дауыс беріп, базалық мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа көтеруді ұсынды.