Қазақстанда түсірілген құсбегілік туралы фотосуреттер халықаралық сыйлықты иеленді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ фотографы Қазақстандағы құсбегілік туралы түсірген фотосуреттері үшін халықаралық марапатқа ие болды. Бұл туралы Kazakh Tourism ұлттық компаниясы хабарлайды. 

АҚШ фотографының құсбегілік туралы суреттері халықаралық сыйлыққа ие болды
Фото: Kazakh Tourism ұлттық компаниясы

Биыл АҚШ фотографы Каролина Воштасик Қазақстанда алғаш рет болып, бүркітшілік дәстүрі бойынша түсірілім өткізді. Оның қазақ халқының көне өнеріне арналған жұмыстары «Communication Arts Awards of Excellence» халықаралық сыйлығын иеленді. Аталған марапат деректі фотосурет саласындағы жетістіктер үшін берілді. 

– Құсбегілік бойынша түсірілімдер Алматы облысының Күрті ауылында және Іле Алатауының баурайында өтті. Әлем чемпионы атанған бүркітшілер, қыранды баптауға өз өмірін арнаған мамандар шетелдік фотографқа қазақ халқының дәстүрлерін паш етті. Каролина Воштасик адам мен құс арасындағы ерекше байланыс сәттерін суретке түсірді. Өз жұмыстары арқылы ол тек эстетиканы ғана емес, сонымен бірге ғасырлардан келе жатқан өнердің терең мағынасын да жеткізеді, - делінген хабарламада. 

Kazakh Tourism ұлттық компаниясы
Фото: Kazakh Tourism ұлттық компаниясы

Ақпаратта айтылғандай, халықаралық байқауға ұсынылған фотографтың суреттер сериясы әлемдік аудиторияның Қазақстанның мәдениетіне қызығушылығын оятты. 
Фото түсірілімге қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде белсенді түрде дәріптеп жүрген туризм саласының медиа-елшісі және продюсер Надира Ахонова ұйытқы болған.

Ұлттық компанияның ақпаратынша, Каролина Воштасик – фотография әлеміндегі беделді «Lucie Award» сыйлығының иегері. Бұл марапат «фотография индустрияның Оскары» деп аталады.

Соңғы жаңалықтар