АҚШ Германиядағы шамамен 5 мың әскерін бір жылдың ішінде шығарады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) Германияда орналасқан әскери контингентті қысқарту жоспарын растады. Жоспарға сәйкес, алдағы 6–12 ай ішінде шамамен 5 мың американдық әскери қызметкер елден шығарылмақ. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.
Пентагон өкілі Шон Парнеллдің айтуынша, бұл шешім жергілікті жағдайды жан-жақты талдау нәтижесінде қабылданған.
Ол бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Германиядағы америкалық әскер санын қысқарту мүмкіндігін қарастырғанын, содан кейін нақты шешім жарияланғанын атап өтті.
Қазіргі таңда Германия аумағында 36,4 мыңнан астам АҚШ әскері орналасқан. Осылайша, Германия АҚШ-тың шетелдегі ең ірі әскери базаларының бірі болып, Жапониядан кейін екінші орында тұр.
Мерцтің мәлімдемесі және Трамптың жауабы
Германия канцлері Фридрих Мерц АҚШ-тың Иранмен қақтығысын тез аяқтау мүмкін емес екенін айтып, Иран тарапы күткеннен де күштірек екенін және Вашингтонның келіссөз стратегиясы әлсіз екенін мәлімдеген.
Мерцтің пікірінше, АҚШ қақтығысқа нақты жоспарсыз араласқан, бұл оны шешуді қиындатады. Сондай-ақ ол «бүкіл бір халық Иран билігінің қысымына ұшырап отыр» деген пікір білдірді.
Бұл мәлімдемелерге Дональд Трамп әлеуметтік желіде жауап беріп, Мерц «жағдайды дұрыс түсінбей отыр» деп сынға алды және оның Иранның ядролық бағдарламасына қатысты бағасын қате деп атады.
Сонымен қатар Трамп Германиядағы АҚШ әскери күштерін қысқарту мәселесі қарастырылып жатқанын растады.
Айта кетейік, АҚШ-тың теңіз блокадасы Иранды $4,8 млрд шығынға ұшыратты.