АҚШ Ирактағы ДАИШ-ке қарсы миссиясын аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Ирактағы ДАИШ-ке (ИМ, ИШИМ — Қазақстанда тыйым салынған ұйым — ред.) қарсы күреске қатысқан АҚШ-тың соңғы әскери күштері сәрсенбі күні елден шығарылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап. 

США завершили миссию по борьбе с ИГИЛ в Ираке
Фото: peoplesdispatch.org/

Осылайша, экстремистік топты жоюға бағытталған америкалық әскери миссия өз мәресіне жетті.

— Біз халифатпен күресу үшін келдік. Қазір халифат жоқ, сондықтан елге қайтып барамыз. Бұл — АҚШ-тың жеңісі. ДАИШ-ті толық жойып, шешуші жеңіске жеттік, — деді АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні Ақ үйде.

Пентагонның ресми өкілі Шон Парнелл сәрсенбі күні жариялаған мәлімдемесінде «әскердің жүйелі түрде шығарылуы Ирактағы ДАИШ-ті талқандауға бағытталған әскери миссияның сәтті аяқталғанын білдіреді» деді. Оның айтуынша, бұл — 12 жылға созылған әскери науқанның нәтижесі. Соның арқасында ДАИШ Иракта және бүкіл өңірде ұйымдасқан әскери қауіп төндіретін күш болудан қалды».

БҰҰ-ның тамыз айындағы есебіне сәйкес, ДАИШ-тің жеті провинциялық бөлімшесінде жүздеген содыр бар. Ұйым шөлді аймақтарда ғана бой көрсетіп, фермерлер мен малшылардан ақша бопсалау арқылы жылына шамамен 500 мың доллар табыс табады.

Алайда ұйымның бірқатар жетекшісі қаза тауып, басқалары тұтқындалғаннан кейін, ДАИШ ауқымды шабуылдар жасау мүмкіндігінен айырылған. Қазір топ тек шағын әрі қарапайым операциялар жүргізе алады.

Парнеллдің мәлімдеуінше, енді Ирак пен күрд күштері «елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ДАИШ-тің қалған күштерін жою жөніндегі жұмыстарға жетекшілік етеді».

Ал Пентагон «Ирактағы серіктестеріне арнайы дайындық өткізіп, барлау ақпаратын ұсынуды жалғастырады». Алайда Ирактың солтүстігіндегі күрд билігі бұл қадамға алаңдаушылық танытты. АҚШ әскерін алмастыратын қорғаныс жүйесі құрылмай жатып, әскердің елден шығарылуы «аса алаңдатарлық жағдай» деп бағаланды.

Иран қолдайтын қарулы топтар АҚШ әскерінің Ирактан шығарылуын «тарихи жеңіс» деп бағалады. «Ирак ислам қарсылығы» тобының қолбасшысы Әбу Моджтаба әл-Ясири бұл оқиғаны «АҚШ-тың Ирактағы саясатының күйреуі» деп атады.

Бұған дейін халықаралық коалиция Иракқа барлық базасы мен штабтарын тапсырғанын хабарлаған болатынбыз.