АҚШ Ирандағы ИРСК нысандарын шабуылдауын бастады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Ирандағы Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) нысандарына шабуыл басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.

Иран, Ормуз бұғазы
Фото: Kazinform

Бұл туралы CENTCOM америкалық X әлеуметтік желісінде хабарлады.

Мәлімдемеде Иранның Ормуз бұғазындағы сауда кемелеріне және аймақтағы америкалық қызметкерлерге «шабуыл жасау әрекеттеріне» байланысты Ислам революциясы сақшылар корпусының нысандарына соққы беру басталғаны айтылған.

АҚШ тарапынан шабуыл жасалатыны туралы ескертуден кейін Иранның бұқаралық ақпарат құралдары Ормуз бұғазындағы Кешм аралы маңында бестен астам жарылыс дауысы естілгенін хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін Ормуздағы шиеленіс салдарынан 400 кеме мен 6 мың теңізші Парсы шығанағынан шыға алмай отырғанын жаздық. Халықаралық теңіз ұйымының мәліметінше, қақтығыс басталғалы халықаралық кеме қатынасына кемінде 70 шабуыл жасалып, 19 теңізші қаза тапқан.

Сондай-ақ АҚШ пен Иран арасындағы соғысқа алты ай толғанын және қақтығыс неге тығырыққа тірелгенін саралап көрдік.

Ал дүйченбі күні АҚШ бірнеше аптадан бері алғаш рет Иранға шабуыл жасағаны хабарланды. ИРСК бұл шабуыл Американың Ларак аралына берген соққыларына жауап екенін мәлімдеді. АҚШ өкілі жексенбі күні АҚШ әскери күштері Иранның Ларак аралындағы ұшыру қондырғыларына соққы бергенін растады. Бұл шілде айының соңынан бергі америкалықтардың Иранға жасаған алғашқы шабуылы.