АҚШ Иранға тағы шабуыл жасауы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Сейсенбі күні Дональд Трамп АҚШ Иранға тағы шабуыл жасауы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды CNBC.
Ақ үйде өткен баспасөз отырысында АҚШ президенті Иранға шабуыл жасауға оқталғанын айтты. Трамптың айтуынша, шешімді қабылдауға бір сағат қалған кезде ол ойынан айныған.
— Біз бұл қадамға баруға дайын болдық. Шабуыл сол сәтте-ақ басталуға тиіс еді, — деді ол.
Бұл туралы Трамп Тегеран ұсынған бейбіт келісім бойынша ұсыныстан кейін мәлімдеді. Оның сөзінше, келісімге қол қойылмаса АҚШ бірер күнде шабуылды жалғастырады.
— Екі-үш күнде, не жұма, сенбі, я жексенбіге дейін келісімге келе алмасақ, АҚШ Иранға қайта шабуыл жасайды, — деді ол.
Сарапшылардың пікіріне сәйкес, қос тарап та қақтығысты жалғастыруға құлықты емес, бірақ олар бір-бірінің алдында бас игісі келмейді.
— Екі тарап та ортақ шешімге келу үшін жұмыс істеуден қашқақтайды. Иран да, АҚШ та соғысты жалғастырғысы келмейді, сол үшін де қазір мәселе тығырыққа тірелген. Бұл тығырықтан шығудың жолы әлі ешкімге белгісіз, — деді Chatham House сарапшысы Нейл Куильям.
Айта кетейік, таяуда Иран Трамптың қоқан-лоқысына қарамастан АҚШ-пен келіссөз жүргізетінін мәлімдеді. Бұған дейін АҚШ Сенаты 7-тыңдалымда Ирандағы соғысты тоқтатуға қатысты резолюцияны мақұлдады.
Айта кетелік Трамп Иранға жоспарланған шабуылды тоқтатқан еді.
Аударған: Дария Ғұмар